Есімі мектепке лайық-ақ
Облыс орталығында Ғазиз қажы Әмірхановтың 90 жылдығына арналған «Абыройы асқан асыл азамат» атауымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жерлесіміз белгілі ұстаз, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» грамотасының иегері, дін қайраткері, қоғам беделдісін ұлықтаған шараға аймағымыздың білім басқармасы мұрындық болып отыр.
Әрине, есімі күллі шартарапқа жайылған тұлғаны еске алып, жылы лебізін арнай келгендер қатары көп. Өңіріміздің мектептері және жоғары оқу орындарының басшылары мен өкілдері, ғалымдар, Ғазиз ақсақалдың көзін көрген замандас, жерлес ағайыны, ізбасарларымен қатар, Астана мен Алматыдан келген қос академик шәкірті бар.






Ал экономика ғылымдарының докторы, академик Сайлау Байзақов ұстазын талайымыздың өмірге үлкен қанат қағып кетуімізге зор септігі тиген адам екенін есіне алды:
– Біздің оқушы кезіміздегі теледидар да, радио да, кино да – ұстаз болатын. Егер Ыбырай атамыз Торғайда алғаш болып мектеп ашып «Кел, балалар оқылық!» десе, Ғазекең өзі басқарған Қаратүбек орта мектебінің бірінші түлектері – 47 баланың тең жартысын Алматыға өзі жетектеп апарып, олардың жоғары оқу орнына түсуіне ықпал жасады. Сол жолы топ болып түскен суретіміз менің жұмыс кабинетімде 50 жылдан бері ілулі тұр. Ғазиз Әмірханұлының есімі өзі басқарған сол Қаратүбек (Тәуіш) орта мектебіне берілсе деген кезіндегі академик Фазылхан Бейімбетовтің ұсынысына мен де қосыламын. Бұл мәселе алда шешімін табады деген сенімдемін.

Айтпақшы, конференциядағы баяндамалар мен еліміздің, аймағымыздың әр өңірінен келген ғалымдардың, зерттеушілердің, ұстаздардың, авторлардың мақалалары «Абыройы асқан асыл азамат» атты жинағына енгізіліп отыр.
Жиын соңынан әулет ұрпақтары алыстан-жақыннан келген ағайынға дастархан жайып, Ғазиз қажының рухына құран бағышталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ