Білім ордаларына жаңа көліктер
Балаларды қорғау күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аймақтың 15 ауылдық ауданында балаларды тасымалдау мақсатында жаңа автобустар мен шағын автобустардың кілтін табыстады. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 229 млн теңгеге 7 автобус пен 10 шағын автобус білім бөлімдерінің басшыларына табысталды.
Өңірдің 2,5 мың оқушысы күн сайын мектептерге, 400-ден астам оқушы апта сайын тасымалдаумен қамтамасыз етіледі. 2020 жылы облыстық бюджет есебінен жалпы сомасы 200 млн теңгеге 13 автобус сатып алынды.
Автопаркті бірден 17 автобуспен және шағын автобуспен толықтыру мектеп оқушыларын тасымалдауды неғұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» 2025 жылға дейін 407 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған, оның 82-сі биыл.
– Жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 3040 орындық 7 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған, жұмыстар басталып та кетті. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан «Береке» және «Қонай» шағын аудандарында екі мектеп, Жітіқара қаласында бір мектеп және төрт жаңа ауылдық мектеп (Қарабалық ауданы – 2, Қостанай ауданы – 1, Әуликөл ауданы – 1) салынатын болады. Биыл 46 білім беру нысанында жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге жөндеу жүргізіледі, оның ішінде 2,8 млрд теңге 10 күрделі және 36 ағымдағы құрылыс жұмыстарына бағытталып отыр. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3,4 млрд теңгеге 10 ауыл мектебі қосымша күрделі жөндеуден өтеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға биыл 2,4 млрд теңге қарастырылған, – деді аймақ басшысы.
Шалғайдағы Қамысты ауданында 14 жалпы білім беретін оқу орны бар. Оларда бір жарым мыңнан астам бала оқиды. Жайылма негізгі, №1 Қамысты және Алтынсарин орта мектептерінің жанында интернаттар жұмыс істеп тұр. Әр оқу ордаларында жергілікті балалармен қатар, сол маңайдағы елді мекендердің оқушылары білім алуда. Қамысты еліне 22 орындық автобустың кілті беріліп отыр.
– Бүгінгі біздің ауданға тапсырылып отырған автобус Алтынсарин орта мектебінің жанындағы интернатқа қажет. Алдағы жаңа оқу жылында маңайдағы елді мекендерден, соның ішінде 70 шақырым жердегі Аралкөл (Бестау) ауылынан 15, көршілес Мамыркөлден бірнеше оқушы тасымалданатын болады. Онда барлығы 270 бала оқытылады, – деді Қамысты аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Қуанышбаев.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ