Қала кезген түлкілер
Жітіқара көшесін аралап жүрген түлкілер әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Бірнеше күн бойы көше ортасында жүрген жануар желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Әдетте адамды көрсе, қыр асып қашатын ол қаланың шуын елер емес. Тұрғындардың көбі қалаға келген даланың ашыққан түз тағысын құтыру ауруын таратуы мүмкін деп алаңдайды. Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасары Михаил Семышевтің айтуынша, өңірдегі барлық орман шаруашылықтарында адамдар аңдарға жем шашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге түлкілердің жаппай ауылдарға кіруі немесе өлуі секілді ақпараттар түспеген.
«Қазір көптеген шаруашылықтар сататын астығын тасып жатыр, ал жол шетінде шашылған астық аң-құстардың несібесіне айналып тұр. Сол себепті қала ішіне еніп кетуі мүмкін», – дейді ол.
Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі өңірлік инспекциясы басшысының орынбасары Хилимхан Молдағұловтың айтуынша, түлкінің қала кезіп жүруіне бірнеше себеп бар. "Түлкі неге қалаға шығып кетті? Бұл құтырған болуы мүмкін. Бәлкім олай болмауы да мүмкін. Әрине, тексеру қажет. Қазіргі кезде жануарларда жейтін азығы бар, себебі әлі қар қатты түсе қойған жоқ. Жануарлар азығын тауып жей алады. Арыз түскен жағдайда, біз әрекет етеміз. Бұл бізге мемлекеттен түсетін тапсырыстардың бірі, сол себепті онымен айналысатын боламыз", – деді Хилимхан Молдағұлов.