Көне мәдениет көрсетілді
Демалыс күндері Лисаков қаласы мен Бейімбет Майлин ауданында Тур Хейердал атындағы көне технологиялар мен мәдени коммуникациялардың «Desht-Thor» халықаралық фестивалі өтті.
Ресей мен Қазақстанның жетекші қолөнер орталықтары мен тарихи қайта құру клубтарының мүшелері алдымен Лисаков қаласына жиналды. Мұнда БАҚ өкілдеріне шағын баспасөз конференциясы мен «Ұлы дала суретшілердің көзімен» атты көрме ұйымдастырылды.
Ұлы даланың мәдени мұрасын зерттеушілердің басқосуы өтетін жер кездейсоқ таңдалмаған. Себебі, қола дәуіріндегі тайпалардың көптеген тұрақтары мен ескерткіштері осы аймақтан табылды. Бүгінде Андронов мәдениетіне жататын құмыра ыдыстар, қару-жарақ, тұрмыстық құралдар, әшекейлер жергілікті мұражайлардың қорын толықтырып отыр.
Фестивальдің негізгі бөлімі Әйет ауылында өтті. Оның аясында тарихи қайта құру және археологиялық тәжірибе негізінде Ұлы дала кеңістігіндегі қола дәуірінің, салт ат мәдениеті мен Алтын Орда өркениетінің қауымдастықтарының негізгі технологиялық және рухани жетістіктері көрсетілді. Қонақтар адамзат баласы алғаш металды қалай өңдеп, тоқыма матаны қалай дайындағандығын өз көзімен көріп, қолымен ұстап білді.
Күнге табыну, тарихи киімдер шеруі, ортағасыр жауынгерлерінің жекпе-жегі сияқты қойылымдар, ежелгі қола дәуіріндегі тұрмыстық салттар шараның көркін қыздыра түсті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар тас дәуіріндегі технологияларды, жебенің ұшын, қыш құмыралар, киізден бұйымдар жасау тәсілдерімен танысып, тарихи киімдер үлгілерін тамашалады. Фестивальде тарих мұғалімдері мен өлкетанушыларған арналған «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында оқу-тәжірибелік семинар да өтті.
Ауқымды шараның соңында белсенділер Новоильинов ауылына жол жүріп, археологиялық қазба жұмыстарына қатысты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ