Кеніштің ісі келелі

«ССКӨБ» АҚ – Индустрияландыру саясатын жоғары қарқынмен жүзеге асырып келе жатқан ірі компаниялардың бірі. Атап айтсақ, жуырда кәсіпорынның Қашар кенішінде көлік сызбанұсқасын қайта құрудың кезекті сатысы басталып, ол бойынша «Еңбек» бекетін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.DSC_3529
«Еңбек» бекеті кеніштің жақын арада қазымдалатын шығыс беткейінде орналасқан. Кеннің қомақты қоры барланған бұл жерді игеру арқылы кәсіпорын өзінің жоспарлы өндірістік міндеттерін орындауға мүмкіндік алмақ. Сондықтан қайта құру жобасына сәйкес бекетті басқа жерге көшіру қажеттілігі туды. Қазіргі уақытта қоймаларды кен орнының «Оңтүстік» беткейіне жылжыту және бекеттің теміржол жолдарын бөлшектеу жұмыстары атқарылып жатыр.DSC_3560
– Мұндай қайта құру кеніштің өнімділігін айтарлықтай арттыруы тиіс. Жаңа орындағы «Еңбек» бекетінің екі тиеу тұйықтары іске қосылып, келесі екеуі 50 пайызға дайын. Бес шақырым темір жолдың тең жартысы төселді және жеті бағыттамалы бұрманың төртеуі жұмыс істеп тұр. Қолға алынған ауқымды жұмыстардың нақты тиімділігін қарашаның алғашқы онкүндігінде-ақ бағалай аламыз, – дейді «ССКӨБ» АҚ Жол шаруашылығы және ғимараттар басқармасы бас инженерінің орынбасары Сергей Вильгельм.DSC_3584
Игі өзгерістер Қашар кен басқармасының «Солтүстік» және «Шығыс» беткейлерінің кентасты ауданын дамытуға, кертпештерді, қауіпсіздік бермаларын жобалық нормативтерге келтіруге жағдай жасап, темір кендерін аршу мен дайындауды қамтамасыз етпек. Теміржол іске қосылғаннан кейін пойыздар қозғалысының бағыты да қысқарып, кенді жеткізуге кететін уақыт біршама үнемделеді дейді мамандар.
Кен алыбы автопарктерінің техникалық даярлық коэффиценттерін көтеру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай Техникалық жабдықтарды жөндеу басқармасы техникалық қызмет көрсетудің жаңа, әрі пайдалы жолын іске қосты.
Бұрын автопаркті ұстап тұруға кететін қаржы көлемі жылына 39,6 млрд теңгені құрап келді. «ССКӨБ» АҚ басшылығы жағдайды жан-жақты сараптай келе, қалыптасқан бюджетті өзгерту шешімін қабылдады. Нәтижесінде бұл мақсатқа 6 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді.DSC_4121-1
– «Трансформация» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының 5 миллиард теңгесі барлық автокөліктерді жөндеуге бағытталса, тағы 1,8 млрд теңгесі жаңа жөндеу боксын тұрғызуға жұмсалды. Оған бір мезгілде Hitachi ЕН 3500 сияқты 180 тонналық екі ірі ауыр жүк көлігі сыйып кетеді. Бірлестік тарихында оған тең келетін ангар әлі болмаған. Cтационарлық, қазіргі заманның талаптарына жауап беретін жөндеу боксы – кәсіпорын үшін игі жаңалық. Басты артықшылығы – жұмыскерлердің қысы-жазы жайлы еңбек ету мүмкіндігі, – дейді «ССКӨБ» АҚ Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі вице-президенті Жәнібек Байғабылов.
Жөндеу боксының құны күрделі ғимарат құрылысынан 3 есе арзан. Соңғысын жобалау мен салу шамамен 1 жыл алар еді. Жаңа пневмоангар 5 күнде тұрғызылған. Ангар мобильді – қажет болған жағдайда оны басқа алаңға ауыстыруға болады. Қашар кен басқармасында бүгінде мұндай екі ангар жұмыс істеп тұр.
Осы тұста жөндеушілердің техниканы пайдаланудағы барлық талап-тілектері ескерілді. Биыл тұңғыш рет жоспарлық жөндеу жұмыстары техниканың бұзылған уақытында емес, арнайы ангарга келіп тоқтаған уақытында жасалынып жатыр. Мұндай жағдайда мамандар жұмыс сапасына кепілдік бере алатындығын айтады. Жаңа бокстан шыққан машиналар 0,85 коэффицентті техникалық даярлығымен сағат сияқты жұмыс жасайтын болады. Яғни жылына 15 пайыз уақытын ғана жоспарлы жөндеуде өткізеді. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден әлдеқайда аз. Сервистік компания өкілдері жүргізген сараптамаға сәйкес, жөндеудің жаңа, әрі оңтайлы тәсілі кәсіпорын автопаркінің қазіргі жағдайын әлдеқайда жақсартпақ.
Осылайша еліміздегі ең ірі темір кенін өндіруші кәсіпорында индустрияландыру және өндірісті қайта құру процесі, алдымен жұмыскерлердің еңбегін жайлы етуді, өнім сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруды көздейді. Жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралар қала мен облысымыздың ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қосары сөзсіз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓