Жол белгілерін бояп жүрген кімдер?
Қостанай облысының Затобол кентінде белгісіз біреулер жол белгілерін қасақана бояп кетіп жүр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жүгенсіздік екі аптадан бері жалғасуда. Бұзақылар жол белгілеріне аэрозольді бояу шашып, қарасын көрсетпей қашып кетеді екен.
Қазір қағынған бұзықтар іздестіріліп жатыр. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, аудан орталығындағы жол белгілерінің көбісі адам көргісіз күйге түсіпті. Тіпті, басқасын қойғанда ішкі істер бөлімі мен прокуратураның қасындағы белгілер де сондай кейіпті киген.
Қостанай облыстық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенконың мәлімдеуінше , жүгенсіз кеткендер бір түннің ішінде жылдамдықты шектейтін 9 жол белгісін бүлдіріп үлгерген. Атап айтсақ, олар аэрозольді баллонмен орталық жол бойындағы белгілерді бояп кеткен. Әкімшілік полиция Затобол кентінің әкімдігіне нұқсан келтірілген жол белгілерін ауыстырып, жаңарту жөнінде ұсыныс жіберді. Ал бұзақыларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Заң бойынша оларға әкімшілік айыппұл салынады немесе 15 күнге қамауға алынады.
Сурет Алау сайтынан алынды.