Жас полицейлер ант берді

Салтанатты жиында сөз алған облыстық ішкі істер департамент бастығының орынбасары Бақытжан Ералин, осы саланың ардагері, майор Даниил Надырбаев, сондай-ақ, ант берушілердің ата-аналары жас полицейлерді құттықтап, сәттілік тіледі. Ардагерлер жас мамандардың өздеріне жүктелген міндеттерін адал атқарарына нық сенімді. Отаны мен халқына, Ата заңына әрдайым адал, аянбай қызмет етер деген тілек білдірді. "Қызмет барысында кездесетін түрлі қиындықтарға мойымай, төзе біл, батыл, қырағы бол" – деп, ақ баталарын берді.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Ералиннің айтуына қарағанда, тәртіп сақшыларына артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Себебі қызмет иелері әрдайым қауіп пен қатерге бастарын тігіп, қоғамдық тыныштықты қадағалайды.
Салтанатты жиынға арнайы келгендердің бірі – сарыкөлдік Ирина Петровна. Ана жүрегі үлкен толқыныс үстінде. Оның жалғыз ұлы Александр Ковалев осы оқу орталығын өте жақсы деген бағамен бітіріп, қоғамдық тәртіпті қадағалауға кіріскелі отыр.
"Балам – арқа сүйер тірегім, көз қуанышым. Ұлым оқу орнын тәмәмдап, үлкен өмірге аяқ басқалы жатыр. Отанына қалтқысыз қызмет етеді деген сенімім зор. Осындай балам барына мақтанамын" – деді жас полицейдің анасы.
Көпшіліктің алдында ант берген жас полицейлер де азаматтардың құқығын қорғау-да, еліміздің тыныштығын сақтауға әрқашанда дайын екендіктерін жеткізді.
Мешіт Ғазиз.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.