Балықшы бір тәуліктен соң табылды
23 қазанда сағат 22.00 шамасында облыстық ТЖД-не 54 жастағы балықшының із-түссіз жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түскен.
Лисаков тұрғыны балық аулауға кетіп, сол күйі онымен байланыс үзіледі. Балықшыны іздеуге облыстық ТЖД қызметкерлері, атқарушы орган өкілдері және жергілікті тұрғындары жұмылдырылған. Олар Павлов ауылдық округі аумағындағы бірнеше өзеннің акваториясын шолады.
"Іздеу жұмыстары күннің батуына байланысты қиындап кетті, бірақ түні бойы жалғасты. Құтқарушылар өзінің қай жерде қалғанын білмей қалған балықшы ұйықтап, тоңып қалмауы үшін үнемі байланыс ұстап отырды. Келесі күні таңертең Глухое өзені жағалауынан күрке ішінен тірі табылды. Ол Таран ауданының Павлов ауылынан 15 шақырым жерде болған", – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Құтқарушылар жапа шегушіні Лисаков қаласының ауруханасына жеткізді. Ол ызғырық далада бір тәуліктен астам уақытын өткізген.