Төл әріптер төңірегіндегі толғаныс
Қандай жазу да, ең алдымен, тиесілі тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етіп, ұлттық сипатын көрсетіп, сыртқы әсерді игеріп алу қабілетіне ие болуы керек. Сонда ғана ол жазу, ол тіл қолайлы әрі өміршең болады.
Әріп – дыбысқа берілген шартты таңба болса, дыбыс – сол әріптің өмір сүру формасы. Бір ғана дыбысты бірнеше таңбамен өрнектеуге болады. Қазақ халқының рухани көсемі А.Байтұрсынұлы өзінің «Тіл – құрал» атты еңбегінде: «Дыбыс таңбасын қарып деп атаймыз. Дыбыс пен қарып екеуі екі басқа нәрсе. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе. Қарып көрінетін, естілмейтін нәрсе. Осы екеуін шатастырмасқа тиіспіз» деп ескертіп кеткен. Бұл пікірден сөздің жазылуынан айтылуы маңыздырақ екенін айқын ұғынамыз. Айталық, біз күнделікті өмірде жазудан гөрі көбірек сөйлейміз, тыңдаймыз. Тіпті іштей ойлау, оқу, жазудың өзі де тікелей дыбыстарды іштей айтумен байланысты.
Олай болса, латын қарпіне негізделіп жасалып жатқан қазақ жазуы қандай? Төл әріптеріміз қалай таңбаланады? Берілген таңба сол әріптің мәні мен мазмұнына, яғни дыбыстық жағына нұқсан келтірмей ме? Осы сұрақтарға күні бүгінге дейін ұсынылған жобалардағы төл әріптерді салыстыра отырып, бірге жауап іздеп көрейік.
Ағылшын тілінде 26 әріп, 44 дыбыс; француз тілінде 26 әріп, 36 дыбыс; неміс тілінде 26 әріп, 42 дыбыс бар. Қарап отырсақ, латын қарпіне негізделген шет тілдерінде әріптердің саны бірдей болғанмен, дыбыстардың саны әртүрлі. Неліктен? Өйткені әр тілдің дыбыстау жүйесі әртүрлі болғандықтан да, дыбыс саны бірдей болмайды. Аталған тілдердің үшеуі де үнді европа тілдерінің қатарына жатады, яғни генеологиялық тұрғыдан туыс тілдер. Демек, генеологиялық тұрғыдан туыс емес, үнді европа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобына енетін қазақ тілінде әріп санының да, дыбыс санының да әр түрлі болуы – заңдылық. Себебі, қазақ тілі түркі тілдерінің қатарына жатады, оның табиғаты бөлек. Сол себептен қазақ тілі дыбыстарын толық сипаттап беретін латын әліпбиіндегі таңбалардың шектеулілігіне байланысты кирилицада қолданылып жүрген қазақтың төл дыбыстарын (ә, қ, ғ, ң, ұ, ү, ө) сол күйінде қалдыруды жөн көреміз, дұрыс деп есептейміз.
Оқып жүрген кезімізде оқытушылар әліпбиді жиі жатқа айтқызатын. Әріптерді дұрыс дыбыстамау тілге де өз әсерін тигізбей қоймайтынын сол кезде түсіндіретін-ді. Мысалы, қазіргі жас буын қазақ тіліндегі «е» дыбысын орыс тіліндегі «э» дыбысымен айтуды сәнге айналдырып жүр. Бұл өзге шет тілдерінің әсері ме әлде өз тілін менсінбеушілік пе? Әйтеуір, жастарда әсіресе мен-ді мэн, сен-ді сэн, келем дегенді кэлэм деп айту әдетке айналуда. Бұдан шығатын мәселе тілімізде артикуляциялық, акустикалық құрамы өзінше е дыбысын өзге тілдегі э дыбысымен алмастырып айтып жүргенде, мұның кесірі қазір жасалып жатқан әліпбиіміздегі Қ (қы) дыбысын Q (к, ку, кв) дыбысына айырбастап жібермей ме?! Бізді толғандырып жүрген мәселе осы.
Қазақ жазуын латынға көшіру дегеніміз қазақ әріптерін латын әріптерімен айырбастай салу деген сөз емес. Себебі латын әліпбиіндегі әрбір әріптің қалыптасқан өзіндік дыбыстау жүйесі бар. Сол сияқты қазақ тілінде де өзіне тән төл дыбыстары бар. Осы төл дыбыстарды таңбалауда, сол таңбаның дыбыстық мазмұнына нұқсан келтірмейтін жағын қарастыруымыз керек. Соның бірі – Қ дыбысы. Қ дыбысы, ол – қазақтың тілі, қазақтың үні, қазақ елінің ұлттық сипатын ашатын төл әріптеріміздің ішіндегі бірегейі. Қ дыбысы ұсынылған жобаларда Q әріпімен таңбаланып жүр. Q әріпі ағылшын тілінде ку, кв; француз тілінде ку, к деп дыбысталады. Тіл үйрену барысында Қ дыбысын дыбыстауда мұның әсері бола ма? Түрік ағайындар не себепті Қ-ларын ұмытты? Қазақ тіліндегі Қ дыбысы Q дыбысына жұтылып кетпей ме? Біз де түріктердің күйін кешіп жүрмейміз бе?! Осы жағына бір сәт көз жіберсек, Мысалы, француз тіліндегі que, quand, question сөздері кү, кяңды, кестион деп жіңішке, жұмсақ айтылады. Ертеңгі күні quqyq деп жазылған құқық сөзін өзге ұлт өкілдерінің кукык, кукук деп оқымасына кім кепіл?! Қазір ағылшын тілінің қазақ тілімен қатар жүретіні де бастауыш сынып балаларына әліпбиді үйрену кезінде психологиялық жағынан қысым тудыруы, сондай-ақ өзге ұлт өкілдері Q әріпімен таңбаланған қатаң қы-мызды к деп оқып дыбыстауы бек мүмкін.
Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінде Қазақстан сөзі Qazaqstan деп жазылып жүр. Ал, бұл сөз ағылшын, француз, неміс тілдерінде Kazakhstan деп жазылады да, өздерінің дыбыстық жүйесіне сәйкес түрліше айтылады. Меніңше, Қ-ны Q-мен белгілеу үлкен қателікке ұрындырады. Өз тілін енді үйреніп келе жатқан шала қазақтарымыз тілін сындырып жүргенде Қ-ны мүлдем ұмытып, ал қазақ тілін үйренуге келген өзге ұлт өкілдері дыбыстық жүйесінде мүлдем жоқ Қ-ны айта алмай, айтса да санасында жатталып қалған Q дыбысымен шатастырып, ақырында Қ-мыз өзінің дыбыстық жүйесіне тән қатаңдығынан айырылып, түріктердің юмшак к-сы құсап жұмсарып кетуі әбден мүмкін.
Бір дыбысты бірнеше таңбамен өрнектей беруге болады. Мысалы, Ә әріпін төбесіне нүкте қойдық (Ä), жоғарғы жағына апостроф (А’) қойдық, қосар дыбыспен (Ae) белгіледік, алайда ол Ә әрпінің үнін шығара алмаса, ол қазақтың әліпбиі бола алмайды. Айталық, ае қосар дыбысымен берілген Ә дыбысын ешкім Ә деп, saebiz-ді сәбіз деп оқыған жоқ қой. Сол сияқты Ө-ні О-ның төбесіне екі нүкте қойып диакратикамен, жоғары жағына үтір қойып апострофпен, ое қосар дыбысымен жазып диграфпен белгілегенше, сол О-ның ортан белінен неге сыза салмаймыз?! Диакратика, диграф, апострофтардан латынның иісі шығып тұрғанын білеміз, алайда Ө-ні Ө ғып тұрған, яғни қазақ тілінің иісін шығарып тұрған сол ортасындағы сызық қой. Қ дыбысы – сөздің барлық позициясында кездесетін актив дыбыстардың бірі. Әзірбайжандарда ә дыбысы өте актив қолданылатынын жақсы білеміз. Олар да бастапқыда Ә-ні Ä-мен белгілеп, кейінірек ә дыбысының әзірбайжан тіліне тән әуезділігінен айырылып бара жатқанын сезген соң, Ә дыбысын латын қарпінің қатарына енгізген. Француз тілінде де біздің тілімізге ұқсас ү, ғ дыбыстары бар. Алайда, сөйлеу барысында ол дыбыстардың біздікінен басқаша айтылатынын айқын сезесің. Сондықтан да әліпби жасау барысында төл дыбыстарымыздың артикуляциялық ерекшелігін ескеруіміз шарт. Өзге ұлт өкілдеріне латын қарпіне негізделген қазақ алфавитін үйретуде әрбір төл әріптерімізден қазаққа ғана тән ерекшелік айқын сезіліп тұруы керек. Сонда ғана ол әліпби қазақтікі бола алады.
Біздің мақсат – қазақ тілін латын әріптерінен тұратын ағылшын әліпбиіне көшіру емес, қазақтың үні, қазақтың иісі шығып тұратын әліпби жасау. Ал қазақтың үнін шығаратын, ол – қазақтың төл дыбыстары. Сондықтан да қазақтың төл дыбыстарының үні шықпаған жерде қазақтың да, қазақ тілінің де үні шықпайды.
Айнұр НҰРБЕКОВА,
«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту
орталығының оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
Қазақтың исі мен қазақ тілінің үні шығып тұратын әліпби қайсы?
Өзіміздің «Қостанай таңының» 25 қазан күнгі 118-нөмірінен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нұрбекова Айнұрдың «Латын қаріпіндегі төл дыбыстар» деген мақаласы мен елімізге белгілі математик-ғалым, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың «Қазақ әдебиетінде» басылған «Тілім аман болсын десең – клавиатураңды түзе» деген ой-пікір, ұсыныстар жасаған мақаласын салыстыра, қатар оқи отырып, мен де әліпби мәселесі толғандыратын көпшілік қауымның пайымына өз ойларымды ортаға салуды шештім. Онымен қоса бірқатар мәселелер турасында облыстық Тіл басқармасындағы мамандарға да ұсыныстарымды жеткіздім.
Ғалым А.Жұмаділдаев: «Латын алфавитіне көшудің жалғыз себебін көріп тұрмын. Себеп кириллицаның нашарлығында емес, қазақ клавиатурасының кемістігінде. Қазақ клавиатурасының ең үлкен кемістігі онда цифрлардың болмауы. Кирилл қазақ клавиатурасында ертегі жазуға болады, поэма жазуға болады, бірақ ғылым жазуға болмайды. Өйткені ғылым цифрларсыз жұмыс істемейді.
Кемістігі көп алфавит, кемістікті клавиатура тек қана қазаққа тән емес. Бір әріп бір дыбыс сәйкестігі сақталмаған алфавиттің көкесін біз көшкелі отырған латын ағылшын алфавиті көрсетеді. Сенбесеңіз, с, у немесе к дыбыстарын қалай өрнектелетінін зерттеп көріңіз. Мысалы, с дыбысын s арқылы да (sin) c арқылы да (cinema) беруге болады. С әрпі сонымен қатар к деп те (cat) өзгере береді. У дыбысын u деп те (how), w деп те (Washington) беруге болады. Бірінші нұсқада у ды w арқылы беру себебі осы. Бұл ұсыныс қатты сыналды, бекер сыналды, өйткені бұған “кінәлі” қазақтар емес, ағылшын алфавитінің өзі. Бұған қарағанда кириллицаға құрылған қазақ алфавиті – анағұрлым ыңғайлы, анағұрлым информативті, қазақ дыбыстарын анағұрлым дәл беретін алфавит. Бұл алфавитте қоршаған ортаға қарай өзгере беретін хамелеон дыбыстар жоқ. Бұл алфавитте бір әріп бір дыбыс принципі өте жақсы ұйымдастырылған – депті. Көптеген қандастарым мен ұлты қазақ жерлестерім айтады: «Латынға ауысып – неменеге әуреге түсейін деп жүрсіңдер?…Қазақстанда тұратын қазақтан басқа ұлттар сол бұрынғыша орыс кириллицасымен жазып, оқитын болса?! Айтыңызшы, өзі екі әліпби де қатарласып жүре ме? Әлде мемлекеттік тілді басқа ұлттарға латын қаріпімен үйрететін болдыңдар ма? Екі кеменің басын ұстаған… болып жүрмесеңдер болар!» – дейді.
…Не дерімді білмеймін…
Ал енді қазір бүкіл ел болып ағылшын тілін үйреніп, меңгеруді насихаттап, кейбір тұстарда міндеттеп те жатырмыз. Себебі, ағылшын тілді елдер, шынында да, алға дамып кетті. Олардың көш басында Америка тұрғаны белгілі. Өйткені ол елдің әскері мен экономикасы күшті, технологиясының озық екені рас. Мен де математик-ғалымның: «Жұрттың ағылшын тіліне ұмтылуы, ағылшын тілінің кереметтігінен емес ағылшын тілді елдердің тірлігінің мықтылығынан» – дегеніне қосыламын.
Соған қарамастан, қазір жастарымыз бір-біріне хат жазысып, хабар алысқанда қазақ сөздерін орыс қаріптерімен басып, тіліңді «біраз бұраңдатады». Сөзім дәлелді болу үшін: отбасыңыздағы жастарыңыздың ұялы телефон, компьютер фейсбуктеріндегі жазбаларын көріңізші?… Міне, осы жерде ұстаз-оқытушы Айнұр қызымыздың: «Біздің мақсат – қазақ тілін латын әріптерінен тұратын ағылшын әлипбиіне көшіру емес, қазақтың үні, қазақтың исі шығып тұратын әліпби жасау. Сондықтан да қазақтың төл дыбыстарының үні шықпаған жерде қазақтың да, қазақ тілінің де үні шықпайды» деген нақты тұжырымына мен де қос қолымды көтеріп, келісемін.
Әбдіқадыр Әбдірайымұлы – зейнеткер,
саяси-тәрбие жұмыстарының ардагері.