Өзінен неге бастамайды?

Ядролық қаруын «шошаңдатып» әлем назарын өзіне аудартқан Солтүстік Кореяның неліктен оқу-жаттығуын күшейтіп, тиым салынған қаруын қайта-қайта сынақтан өткізіп жатқаны белгілі болды. БҰҰ-ның жиынында осы мәселеге қатысты жауапқа тартылған Пхеньян өкілі суық қаруды сақтық үшін сақтап отырғанын мәлім етті. Өздерін коммунизмнің шынайы ұрпақтары санайтындар демократиялық мемлекеттерден қауіптенетіндігін жасырмады.  Нақты айтар болсақ, АҚШ президентінің соңғы кездері «ядролық қарумен Солтүстік Кореяны жермен-жексен ету керек. Бұл істі АҚШ-тың маған дейінгі президенттері тындыруы тиіс еді. Олардың қолы батпаған істі жүзеге асыруға әзірмін» деген қоқан-лоқысы «тиыш жатқан елдің» титығына тиіпті.трамп и ын
Әрине, әлемдегі азулы елмен тіресетіндей Солтүстік Кореяның әскері, қарулы күштері керемет емес. Дей тұрғанмен Америкада бар баллистикалық ракетаралар мен ядролық қару-жарақ Пхеньянда да бар. Оның үстіне әлемдегі ең шектеулі мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарын күшейтіп, ядролық сынақты жиі-жиі өткізетін болған. Мұның барлығы да сақтық үшін, ядролық қаруды кезеніп отырған ел – Америкадан қорғану үшін жасалып отыр. «Сыйға – сый, сыраға – бал» қағидасын ұстанғандар ракеталарының басым бөлігін Америкаға қаратып қойған деседі.  
Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Ким Ин Рен есімді азамат ядролық қаруды өзге мемлекеттер осы қаруын жойған мезетте ғана тастайтынын мәлім етті. Бұл ұсынысты «коммунистер» бірінші болып айтып отырған жоқ, бұған дейін де әлем мемлекеттерінің басшылары қозғап келген-ді. Суық қарудың салдарын жақсы сезінген, пайдасынан зиянының басым екеніне көз жеткізген көптеген мемлекеттер ядролық қарудан түбегейлі бас тарту қажеттілігін өткен ғасырдың орта шенінен бері қозғап келеді. Өкінішке қарай, ядролық қарусыздандыру құжаты АҚШ тарапынан қолдау тапқан жоқ.  АҚШ-тың «державалық амбициясын» түсінген өзге мемлекеттер де «қарусыздандыру» мәселесін сиырқұйымшақтатып жіберді.
Жалпы алғанда, ядролық қаруды қолдануға «заңды құқы» бар бірнеше мемлекет бар. Атап айтар болсақ, «Ядролық топқа» Америка Құрама Штаты, (КСРО-дан қалған қаруды меншіктеп қалған) Ресей Федерациясы, Франция, Ұлыбритания, Қытай мемлекеттері кіреді. Жаппай қырып-жою күші бар қаруларға «заңды» иелік етіп отырған елдер әлемдегі тиыштықты сақтап, адамзаттың зардап шегуіне жол бермеуі тиіс. Осы мағынадағы халықаралық келісімге алғашқылардың бірі болып қол қойған АҚШ 1945 жылдың 6 және 9 тамызында Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына қуаты 20 килотонна (кт) болатын 2 ядролық бомбаны тастаған болатын. 1949 жылы осындай алып жойғыш күші бар қаруды  Кеңес Одағының  Семей полигонында сынақтан өткізгені қазақ елінің санасынан әлі өше қойған жоқ! 
1991 жылдың желтоқсанда КСРО тараған кезде Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь аумақтарында ядролық қарудың болғаны тарихтан белгілі. Қазақстан, Украина, Беларусь республикалары АҚШ пен Ресей тарапынан өз аумақтарының қауіпсіздігіне кепілдік алғаннан кейін одан өз еріктерімен бас тартқан еді.
Ядролық клубқа мүше 5 ел жаппай қырып-жою қаруын ауада, ғарышта және жер астында сынақтан өткізбеуге келісім жасап, стратегиялық қаруларды қысқарту (мамыр, 1972); ядролық қаруларды сынақтан өткізуді шектеу (маусым, 1974); ядролық жарылыстарды жер астында бейбіт мақсатқа пайдалану туралы шарт (мамыр, 1976) жасасты. Ядролық клубқа кіретін елдер  осы талаптарды орындауға міндеттелді. Өкініштісі сол, айтулы міндеттемелер әзірге, қағаз жүзінде ғана жүзеге асырып жатқан сыңайлы…
Ал Үндістан, Пәкістан мен Солтүстік Корея мемлекеттері ядролық қаруды «заңсыз қолданушылар» қатарына жатқызылған. Израиль мемлекетінде де атом бомбасы болуы мүмкін деген сөз жиі айтылғанымен, еврейлерді ешбір мемлекет ресми, жариялы түрде айыптаған емес. Мақалаға арқау болып отырған корей халқының сол жағын мекендеушілерге келер болсақ, оларға «біртұтас елді бөліп жіберді» деп өкпе артқан Оңтүстік Кореяның да, «ата-баба жерін меншіктемекші» деген Жапонияның да, «адам құқығын аяққа таптап жатыр» деп желеулеткен Американың да тісі қайраулы. Тырнақ астынан кір іздеуші мемлекеттерге – әлем бас шұлғыр себеп болса болды, Солтүстік Кореяны жермен-жексен етуге әзір. 
«Жалмауызға да жан керек» дегендей Солтүстік Корея өздігінше ешбір елге баллистикалық ракеталарын ұшырмайды. Ал жұмыр жер бетінде өзінің «керемет ел» екенін көрсету мүмкіндігі пайда болса, оны қалт жібермейтін АҚШ халықаралық ұйымдар мен алпауыт елдердің «иек қағысын» күтіп отыр. Ондай күн туа қалса, корейлердің қарап қалмасы анық. Дүниежүзілік соғыстың осылайша ядролық қақтығыстан басталып кетуі де ғажап емес. Осылайша, Альберт Эйнштейннің «үшінші дүниежүзілік соғыстың қандай қарумен жүргізілерін нақты білмеймін, бірақ төртіншісінде адамзаттың таяқ және таспен ұрысарын болжау қиын емес»  деген  сөзі шындыққа айналуы ықтимал.
Тығырықтан шығар жалғыз жол – жаппай қырып-жою қаруынан арылып, адамзатты бейбіт өмірге бейімдеу. Әлемдегі азулы екі ел – АҚШ пен Ресей ядролық қарудан бас тартса,  жұмыр жерді мекен еткен өзге де мемлекеттердің бұл саланы бейбіт жолға бұрарын бағамдау қиын емес. Тіпті, әңгімемізге арқау болған Солтүстік Кореяның да, халқының аузынан жырып, армиясына жұмсаған қаржысын елінің дамуына жұмсайтын еді.  Ендеше, «тезге саламын» деушілердің өздерін түзеп алғаны жөн-ау…
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓