Әуреге салған апта

23 қазанның таңы қармен басталды. Түске таман күшейген бұрқасын көз көрсетпей, жолдағы жүрісті қиындатып жібергені рас. Ауа-райының мұндай аяқасты құбылатынын ешкім күтпесе керек. Бұл, әсіресе, көлік жүргізушілерін әбден сарсаңға салды. Қазір кез келген дөңгелек ауыстыру бекеттіне барсаңыз, ұзын-сонар кезектен көз ашпай тұр. Таңғы уақытта ашылатын кейбір орындарға жүргізушілер сағаттап бұрын келіп, қаңтарылып тұрғанын көріп келдік. Өзін Серік деп таныстырған жігіт ағасы осында 3 сағатқа жақын кезек күтіп тұрғанын айтады. Ал жүргізушілердің бірі, тіпті, қолындағы қағазға кезекте тұрған көліктердің нөмірін тізіп жазып қойған.IMG_6428
Жолдардағы тайғақтан көлік қақтығыстары да жиілей түсуде. Облыстық ІІД баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдің хабарлауынша дүйсенбі күні облыс бойынша 29, ал Қостанай қаласы бойынша 21 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам түрлі жарақаттар алыпты. 20 жүргізуші әкімшілік жауаптарға тартылған.
Ауа-райының күрт өзгеруіне Қара теңізден қар аралас жаңбыр болып келген оңтүстік-батыс циклоны әсер еткен. Осыған байланысты аймақта дауылды ескерту жарияланып отыр.IMG_6419
– Өңірімізде ең көп қар Қарасу ауданына түсті. Онда айлық нормадан (23 мм) асып, 28 мм дейін жетіп отыр. Қазір біртіндеп циклон ауысып барады. Алайда ол қайта айналып соғады. Алдағы күндері желдің жылдамдығы 15-20, кей жерлерде 23 метрге дейін соғады. Ауа температурасы түнде -5-10, кейбір жерлерде -15 градусқа, ал күндіз 0+5 градусты көрсетеді. Яғни, күн райы әлі де құбылмалы болып тұрмақ, – деді «Қазгидромет» РМК Қостанай облысы бойынша филиалының кезекші синоптигі Ирина Жиляева.  IMG_6407
Апта басынан бері аймақта бір ғана төтенше оқиға тіркеліп отыр. 23 қазан күні кешкі 22.10-да облыстық ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне Лисаков қаласының 1963 жылғы тұрғынының хабарсыз кеткені жайында қоңырау түскен. Ол Таран ауданының Павлов селолық округіндегі көлдердің біріне балық аулауға шығыпты. Көз көрсетпес бұрқасыннан жақын маңдағы ауылға әкелетін жолды таба алмай қалған екен.IMG_6396
– Жоғалған азаматты іздеуге облыстық ТЖД-нің 6 қызметкері, 2 техника жұмылдырылды. Құтқарушыларға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен тұрғындар да қосылды. Құтқарушылар боран құрсауында қалған адам қалғып кетпесін деп әрбір 20 минут сайын телефон соғып отырды. Ал қараңғы мезгіл іздеу жұмыстарын қиындата түсті. 24 қазан күні таңғы сағат 8.33-те бір тәуліктен астам сыртта болған азамат Павлов елдімекенінен 15 шақырым жердегі Глухое көлінен табылды. Балықшы күркесінде түні бойы ұйықтамай отырған оны дереу Лисаков қалалық ауруханасына алып кетті. Жағдайы бірқалыпты. Ал облыс бойынша көліктердің қар құрсауында қалу, адамдардың адасып кетуі, басқа да төтенше оқиғалар жайында қоңыраулар болған жоқ», – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Уәлихан Досанов.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓