Он жоба жүзеге аспақ
Қостанай облысы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қойылған 105 жобаның 10-ын іріктеп алды. Бұл жайныда бүгін ҚР Үкіметі үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Еркін Әбіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап өтуінше, іріктеп алынған 10 жобаны Қостанай өңірінде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. «Мәселен, «Қостанай су» қалалық коммуналдық кәсіпорны 2 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның бірі – аумағы 7 мың гектарды, көлемі 50 млн текше метрді құрайтын ағынды суларды жинақтаушы. Жаңа технологияларды пайдалану су жинақтаушыны экологиялық талаптарға сай тазалауға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде қаланың және облыстың экологиясының сапасын жақсартады», – деді ол.
Сонымен қатар, ол Лисаков қаласында күн батареяларынан қуат алатын көше шамдары орнатылып жатқанын, қазіргі уақытта көшелерде мұндай 20 шам бар екендігін атап өтті. Мұнан бөлек, дәл осы қалада немістермен бірге жергілікті жылу беру көзіне газ қазандығын орнату жұмыстары қолға алынбақ. Жаңа құрал-жабдық қалаға ай сайын 3,5 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ мәліметтерді жинау және өңдеу жүйесінің көмегімен ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарға есеп жүргізілетін болады. Қостанайдың жылу және энергиямен қамтамасыз ететін компаниялары күн батареясынан қуат алатын сорғы станса орнатуға ниетті. Ал үнемделген энергия сатылмақ. Облысымыздағы барлық жобалардың құны нақтыланып, іске асырудың нақты жобалары әзірленгеннен кейін бірыңғай жол картасына жиналатын болады», – деді Еркін Әбіл.