Атқарылған жұмыстар аз емес
Ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде Аманкелді ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші айтарлықтай артқан. Әсіресе, өңір экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жетістіктер көңіл көншітеді. Жалпы, жыл басынан бері аудан экономикасының негізгі капиталына 1млрд. 406 млн. теңге инвестиция құйылған. Сондай-ақ, 94,9 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өнім өндірудің нақты көлем индексі 107,3 пайызды құраған. Өңірде атқарылып жатқан игілікті істер барысы туралы облыстық баспасөз клубында өткен басқосуда аудан әкімі Нұржан Өтегенов мәлімдеді.
Үстіміздегі жылдың тоғыз айында аудан экономикасының күретамыры – ауылшаруашылығы саласында 9 млрд. 366 млн. теңгенің өнімі, соның ішінде 3,5 мың тоннаға жуық ет, 21 мың тоннадан астам сүт, 7 млн. жуық дана жұмыртқа өндірілген. Биыл аманкелділіктер үшін егін шығымы да жаман болған жоқ, қамбаға 86 мың тонна астық құйылды. Мал басын асылдандыру жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Өңір басшысының айтуынша, бұған ауыл шаруашылығының салалық бағдарламаларының жүзеге асырылуы мүмкін болып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 75 бас іріқара сатып алу жоспарланса, шаруа қожалықтары 272 бас сатып алып, бұл жоспарды үш есе артығымен орындаған екен. Ал, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мал ауруларына қарсы егу шаралары да қолға алынған. Биыл ауруға шалдыққан 80 бас іріқара тапсырылған екен.
Ауданда “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020”, “Бизнестің жол картасы-2020” сияқты мемлекеттік бағдарламалар да өз деңгейінде жүзеге асуда. Мәселен, биыл “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында үш жоба мақұлданған. Шағын және орта бизнестің үлесі де жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешімін тапқан, бүгінде екі мыңға жуық адам аудандағы жеті жүзден астам шағын және орта бизнес субъектілерінде еңбек етуде. Жақында “Атамекен” кәсіпкерлік палатасы арқылы шағын несие беруде аудан бойынша үш жобаны іске асыру жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жобалар мал басын асылдандыру, өсімдік шаруашылығын дамыту және мал бордақылау алаңын ашуға бағытталған. Сондай-ақ, “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылы аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 43 адам қысқа мерзімді кәсіптік білім алуға және қайта даярлау курстарынан өтуге жіберіліпті. Ал, бағдарламаның екінші бағыты бойынша, яғни өз ісін бастаймын деген алпыс адамға жалпы сомасы 185,6 млн. теңге несие берілген.
-Мұның бәрі жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығының арқасы. Себебі, береке-бірлігі жарасқан бұл өңірдің халқы қашанда өз аудандарының дәулеті мен сәулетін арттыруға жұдырықтай жұмылып, тер төгуден жалыққан емес. Осының арқасында ауданның әлеуеті артып, экономикасы да ырғақты қарқынмен өрге өрлеп келеді. Сондықтан, облыс орталығынан шалғайда орналасқандығына қарамастан, біздің Аманкелді ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы кейбір өңірлермен салыстырғанда көшілгері десек артық айтқандық болмас. Биылғы жылы да ауданда атқарылған жұмыстар аз емес, – дейді аудан әкімі Н.Өтегенов.
Жалпы, өңірде инвест жобалардың жүзеге асырылуы, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мемлекет тарапынан да мардымды жұмыс жасау үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқандығы да жасырын емес. Сондықтан, аманкелділіктер де өз мүмкіндіктерін пайдаланып, туған өлкелерінің экономикасын әріқарай дамыту үшін бар күш-жігерлерін сала бермек.
Қарлығаш ОСПАНОВА