ҚАСИЕТТІ ҚАБЫРҒА!

Елбасы биыл халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп парасатты ой қозғайды. «Әркімге кіндік кескен жері – Мысыр шәрі» деген ғой бұрынғылар. Осы жаз айында Аманкелді ауданындағы Қабырға ауылында жерлестер күні аталып өтті. Әртүрлі өмір жолымен жан-жақта жүрген ауылдастардың басы қосылып, мәре-сәре қуанышқа кенелді. 19275020_1538257392885474_3244471710835062161_nИә, біздің ауыл Қабырға деп аталады. Ұлытаудан бастау алатын Торғайдың бір саласы – Қабырға өзені. Суы мол, шабындығы қалың, шөбі шүйгін, нулы жер. Былайғы жұрт Сары Қошқар батырдың елі дейді. Кенесары ханға тілектес болған. Аманкелдінің атасы  Иман батырдың досы. Торғай жұрты Қошқар бабамызды аузы дуалы әулие деп дәріптейді. Айтқаны қате кетпеген. Жалпы, Қабырға бойынан жерін жаттан қорғаған ержүрек ерлер көп шыққан.  Жаңатай, Байсал, Нарынбай, Жаңабай батырлар өмір сүрген. Осы баһадүр бабалардың бәрі туған жер топырағын жастанып жатыр.
Тарихы өткен замандардан көш тартататын ауылдың даңқы азаматтарымен ардақты. Елге белгілі билер, орақ тілді ақындар, ғибратты ғалымдар, қарымды қаламгерлер және қырда еңбек қазанын қайнатқан озаттар өсіп-өнді. Елдің бірлігін ойлаған текті қариялар ғұмыр кешті. Олардың бәрі де туған жердің абыройын асқақтатты. Кейінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі болды. Аталар салған сара  жол ешқашан өшпейді деп сенеміз.
Қабырға кеңшары кеңес дәуірінде мыңдап мал өргізген  іргелі шаруашылықтың бірі атанды. Амал не,соның барлығы оңтайландыру кезеңінде жоқ болды. Бартер деген бәле шығып, совхоздың бар малы талан-таражға түсті. Мал болмағаннан елдің   күйі кетті.  Ауыл  адамдарды кәсіп іздеп жан-жаққа шұбырды. Әрісі Астана, берісі Арқалыққа барды. Баласының болашағы үшін Қостанайға барып тұрақтады.  Бір жағынан, біздің ауыл күре жолдан шеткерілеу.  Аудан орталығынан  шалғай орналасқан. Әдейілеп бармасаңыз бөтен көліктің ізі түсе бермейді. Көктемдегі су тасыған уақытта елдімекенді жағалай су  алып, бір уақ қатынас болмай қалады. Сол қиындықтың бәрін ауылдағы ағайын көріп келе жатса да, барға шүкіршілік етеді. Туған жер деген ұғымды қасиет тұтады. Елден іргесін аудармай берекелі тірлік кешіп отыр.19601102_1538258336218713_3689990979297742735_nБұрын 300-ден аса отбасы қоныстанған ауылда қазір қырыққа жуық шаңырақ қалған. Барлығыда малмен күн көруде. Бүгінде төрт түліктің саны өскен. Мыңдап мал ұстайтын азаматтар бар. Мұның бәрі – жақсылықтың белгісі. Мектеп, кітапхана жұмыс істейді. Бүкіл үйде кез-келген нүктемен байланысқа шығатын телефон орнатылған. Алдағы жылы мемлекеттік бағдарламамен ауыз су тартылады жобалануда. Енді Мәдениет үй салынса деп армандаймыз. Әйтеуір, жұртшылықтың ертеңге деген сенімі зор. Өткен жылдары алыс-жақындағы ел азаматтары қаржы жинап, бабалар жатқан қорымды қоршады. Одан кейін округ әкімі Ардақбек Оспанбековтің  өзі бас болып, қараусыз жатқан өзге ұлттардың бейітін де қоршап қойды. Ардақбекпен мектепте қатар оқыдық.  Ел десе елеңдеп тұратын жігіт. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Іскер маман.
Ал жерлестер күніне елордадан, бизнесмен, заң ғылымдарының кандидаты Мейрам Айдаболов келді. Мейрам ағамыз – осы жердің төл перзенті. Туған елінің жанашыры. Қайда жүрсе де өскен жерін жадынан шығармайды. Талай рет қол ұшын созды. Мәселен, өзі оқыған оқу ордасына ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Оқушыларға компьютер, интерактивті тақта сыйлады. Ауыл жанындағы өзенді бөгеуге де көмектесті.  Осы жолы да белгілі бизнесмен өзгеге өнеге  боларлық үлгі көрсетті. «Туған жер – Қабырға» деген қор құруға бастамашы болып, өзі соған алдымен  мектептің спорт залына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгуе 1 миллион теңге ақша аударды. Сонымен қатар, ауылға таза су тарту үшін оның жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға 800 мың теңге қаржы бөлді.                      
Жиында Мейрам Нақыпұлы қор құру арқылы көптеген істерді қолға алып, оғанелден шыққан  бар азаматтар белсенді үлес қосып, жұдырықтай жұмыла білсек  біраз шаруаны шешуге болатынын жеткізді.  Қойшығара Ысқақов ақсақалжиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап,  туған жерді қадірлеу –  ауылда туған әрбіріміздің перзенттік парызымыз екенін айтты.  Шараға қатысқан Жомарт Түбекбаевта жұртшылыққа ізгі лебізін білдірді. Жиналған қордағы қаржыға  басшылық жасайтын ақылдастар алқасы құрылды.  Ауыл азаматтарының ұйғарымымен жыл сайын «Жерлестер күні» аталып өтетін болды.                                                             
Өмірден ерте озған  ақын, сазгер Ерлан Нұрманғалиев ағамыздың ауылдың әнұранына айналып кеткен «Туған жер» деген әнінде: «Тең көрем бе таңғажайып, Саған Иран бағын да, Көкте жәннат жанға лайық, Жер жәннаты – Қабырға» деп жырлаған еді.  Маған біздің ауыл ұзақ жыл сал болып сырқаттанып жатып, қайта еңсе көтерген қайратты жас жігітке ұқсады. Ылайым солай болсын!
                                                                                                                     
Азамат ЕСЕНЖОЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓