Келешек ұрпақ қамы үшін…
Тыныштық Әбжамалұлы,
Аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары,
Жангелдин ауданының құрметті азаматы
XX ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде бастауыш мектепте оқығанымызда әліппеден үйреніп жазып, оқып жүрген әріптерімізден әкеміздің ферма есебін жүргізіп жазған жазуларындағы әріптердің өзгешелігі бар екенін аңғарғаныммен жете мән бермейтінмін. Кейін есейе келе білгенім ол кісі жасында мектепте латын әрпімен оқыған екен. Өзі басқаратын сиыр фермасының есебі, жазуларын латын әріптерімен жүргізгені соған байланысты болыпты. Мен әскер /армия/ қатарында үш жыл қызмет еткенімде маған әкемнің жазған хаттары да латын әрпімен жазылған еді. Хаттардың кейбіреуі менде әлі күнге дейін сақтаулы.
Тарих қойнауына көз жіберсек, еліміздің латын қарпіне көшу мәселесі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталған сияқты. Олай дейтінім, Ахмет Байтұрсыновтың 1924 жылы Орынбор қаласында өткізілген қазақтың оқыған зиялы азаматтарының алғашқы құрылтайында жасаған баяндамасында түркілік ортақ әліпби жасау жөнінде мәселе көтеруі тегін емес. Кейінірек, 1929 жылдан бастап елімізде латын қарпі пайдаланылды. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Кеңес үкіметінің құрамында болған қазақ елі қырықыншы жылдан бері кирилл жазуларын қолданып келеді. Бұл, әрине қазақ тілінің мүддесі тұрғысында емес басқа жұрттың мақсаттары үшін жасалған шара болса керек.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының болашағы үшін тиімді, елдің жан-жақты дамуына қолайлы бағдарламалар жасалып жүзеге асырылуда. Оның нәтижесін Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық шежіресінен, даму деңгейінен айқын аңғардық.
Қазіргі заманғы жаһандық дамудың қарқынынан кешеуілдеп қалмай ілесіп отыру, экономикалық және ғылыми кеңістікке еркін енуге қолайлы жағдайлар жан-жақты қарастырылуда. Солардың бірі ретінде 2012 жылы желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесуде латын қарпіне, латын әліпбиін енгізудің маңызын, оның келешектің талабы екенін айтты.
«Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламада «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туады» деген тұрғыда алдағы уақыттарда латын жазуына көшу міндеті алға қойылды. Мұның өзі бізге дүние жүзінің халқымен, әлемнің ғылыми – білімімен еркін қарым – қатынас жасауымызға мүмкіндік беретіні түсінікті.
Баспасөз беттерінде жарияланғанындай кешегі Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Молдова сияқты республикалар кешеуілдетпей латынға көшіп алған. Қазіргі жер бетіндегі қазақтар үш түрлі жазуды қолданатыны айтылған. Бізде кирилл, Қытай, Ауғанстан мемлекеттеріндегі қазақтар араб, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан қазақтары латын жазуларын пайдаланатын көрінеді. Ал Қырғызстан республикасы да осы латын қарпіне көшуге кіріскелі отырғаны айтылуда.
Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу жөнінде тағы да ерекше атап көрсетілген.
Латын қарпіне, латын әліпбиіне көшу жөніндегі мәселе елімізде кеңінен талқыланып жатыр. Шыны керек латын әліпбиіне көшудің қиындықтары да жетерлік. Ондай қиын, шешуін күтетін біраз жағдайларды еліміздің танымал адамдары атап көрсетіп өздерінің ұсыныс пікірлерін білдіруде.
Мемлекетіміздің болашағына, келешегіне көз жіберіп ойлансақ ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып өркениетті, дамыған ортаға еркін енуіміз үшін жас ұрпаққа жол ашатын латынға көшуімізді жеделдеткеніміз дұрыс деп есептеймін.