Төл дыбыстар төрт түрлі таңбада

Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы "Жетілдірілген әліпби: диакритикалық таңбалар орны" тақырыбында онлайн кездесу өткізді. Мақсат – соңғы нұсқаның негізгі ерекшеліктерін таныстыру.
"Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығының базасында өткен кездесу жұмысына басқарманың қызметкерлері, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары, Тілдері оқыту орталықтарының мамандары қатысты.  
Іс-шараның модераторы, басқарманың бөлім басшысы Кенжеғали Бимағанбетов мәлім еткендей, әліпбидің бұл нұсқасын  әзірлеуге орфографиялық жұмыс тобы, Тіл білімі институты, Алматыдағы әл-Фараби атындағы университет пен Назарбаев университеті бастаған 9 ірі ЖОО, екі ғылыми орталық, 11 ғылыми мекеме ғалымдары қатысқан.
"Олардың барлығы – тіл білімінің  фонетика, грамматология, фонология, тіл мәдениеті және ортологиялық кодификация салаларының мамандары. Ғалымдар әліпбимен қатар емле ережелерінің жобасын және пернетақтаның үлгісін де әзірледі", – деді алғы сөзінде модератор.
Жетілдірілген нұсқаның жаңашылықтарын жіліктеп түсіргендердің бірі “Тілдарын” облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекова болды. Ол ең әуелі әріптер санының 31-ге дейін қысқарғаның айтты. Сондай-ақ, маманның түсіндіруінше, графиканы қайта жасау кезінде әріптер халықаралық фонетикалық әліпбиден алынған. 
"Осыған дейінгі әліпби нұсқасында қазақтың төл таңбаларын белгілеуге жаппай «акут» таңбасы ғана қолданылған болса, ол енді алынып тасталды. Есесіне, жетілдірілген әліпбидің ерекшелігі –жіңішке дауысты дыбыстарға "умлаут" (ә – ä, ө – ö, ү – ü), қойылуында. Одан кейін "Ғ" дауыссыз таңбасы "бревис" (ғ – ğ), жуан дауысты "Ұ" әрпі "макрон" (ұ – ū), қатаң дауыссыз «Ш» таңбасы "седильмен" (ш – ş) белгіленеді", – деп жаңа диакритикалармен таныстырды А.Нұрбекова.
Әліпбидін жетілдірілген жобасымен танысқаннан соң қатысушылар ортаға ойларын тастап, пікірлерін бөлісті. А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты К.Есіргепова әліпби жобасының бұрынғы нұсқалардан едәуір жақсарғанын айтты.  Ол да графиканы қайта әзірлеу кезінде  тыңғылықты талқылаулар мен сынамалар жасалғанын, диграфтар мен "акут" диакритикасы мүлде алынып тасталғаны оңды шешім екенін тілге тиек етті.  
"Жетілдірілген жобада әліпби түзудің негізгі принциптері сақталды. Ендігі кезекте емле ережелерін бекіту міндеті тұр. Одан әрі тіл мамандары жаппай арнайы оқыту курстарын ұйымдастырып, жаңа нұсқаны халыққа насихаттауға ықыласпен кірісуі қажет болады", – деп ой қосты К.Есіргепова.
Аталмыш оқу орнының кезекті профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Г.Жүрсіналинаның ойынша, әліпбиді әлі де жетілдіре түсу керек, бірақ алдымен оны бекітіп, қолданысқа енгізу шарт. Себебі,  екі-үш әріп тұлғасы түзетуді талап етеді. Ахаң университетінің аға  оқытушысы Мұрат Жұмашев әліпби жобасын тезірек бекіту керек деген пікірді құптайтынын айтты.
"Жылдар бойы жүздеген ғалымның талқысынан өткен әліпбидің бұл жобасында тіл мамандарының да, көпшіліктің де пікірі ескерілгені көрінеді. Бұл әліпбиді дүниежүзіндегі қазақтардың ақпарат алмасуына, ұлттық мәдениет кеңістігінде өзара жақындасуына жаңа серпін береді және әлем қазақтарын біріктіретін фактор айналуына негіз бар", – дейді М.Жұмашев. 
Пікір алмасу барысында тіл орталықтарының оқытушылары да белсенді болып, өз ойларын бөлісе отырды. Олар жетілдірілген әліпби жобасының қолайлы, көзшалымға жеңіл екенін айтты. Соңдай-ақ, оқытушылар төрт бірдей диакритикалық таңба оқу кезінде де, жазуда да қиындық тудырмайтынына сенімді.
Ұйымдастырушылар айта кеткендей, жетілдірілген әліпби жобасы ҚР Президентіне бекіту үшін жолданады. Сондықтан,  жобаны таныстыру жұмыстары мектептер мен колледждердің қазақ тілі мұғалімдері арасында жүргізіле беретін болады.  Ол үшін БАҚ-та жаңа әліпби құрамымен таныстыруға бағытталған насихат шаралары жүргізіліп, онлайн және офлайн форматындағы оқыту семинарлары, дәрістер, курстар кеңінен ұйымдастырылмақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓