Полицияға жаңа көлік сыйлады
Рудный қаласында ҚР ІІМ жүйесінде қылмыстық іздеу қызметінің құрылғанына 99 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Алаңда сап түзеген жеке құрамды ІІБ басшысы Серік Нұртаев құттықтады.
– Сіздер, қылмыстық іздеу қызметінің қызметкерлері, полицейлердің бүгінгі бейнесін қалыптастырып отырсыздар. Өйткені қаладағы жедел жағдайдың тұрақтылығы, халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімі сіздердің атқарған жұмыстарыңызға тәуелді. Кәсіби мереке қарсаңында отбасыларыңызға табыс, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін, дей келе – криминалді полиция бөліміне «ВАЗ 2121» автокөлігінің кілтін сыйға тартты. Сондай-ақ полицияның үздік жедел уәкілдері құқықтық тәртіп және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша қызметтік міндеттерді үлгілі атқарып, маңызды нәтижелерге қол жеткізгені үшін тергеу бөлімінің басшысы Қайрат Досжановқа подполковник, криминалді полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Айтжан Әбілқайырға майор, іздеу бөлімінің қызметкерлері Дархан Төлеубеков пен Дарья Титоваға сәйкесінше аға лейтенант және лейтенант шендерін табыстады.
Су жаңа темір тұлпарға алғашқы боп отырған криминалді полиция бөлімі басшысының орынбасары Александр Коника басшылық тарапынан жасалған керемет сыйлық пен құрмет қызметкерлер жұмысына оң серпін беретіндігіне сенімді. Ендеше тәуелсіз елдің тарландары артылғанды сенімді ақтап, қаладағы қылмыстың азаюына қосар үлестері зор болсын деген тілек білдіреміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ