Балаңыз мектепке дайын ба?..
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Осыған сай, бірінші қыркүйекке әзірлік басталып кеткен сыңайлы. Әсіресе, баласы 1 қыркүйек күні мектеп есігін ашатын ата-ананың күйбеңі көбейген. Киiм-кешегі мен оқуына қажеттi құрал-жабдықтарды сатып алу үшiн базарға ағылғандарда есеп жоқ.
Біз де облыс орталығындағы сауда орындарын аралап, оқушы киімдері мен оқу құралдарының бағасын білуді жөн көрдік. Әуелі "Емшан" сауда орталығындағы мектеп базарына бардық.
Мұнда қыркүйек айы жақындаған сайын қатары көбейе түскен тұтынушылар сауданы қыздырып тұр. Сатушылар бірінші сыныпқа баратын ұл балаға арналған Түркиядан әкелінген екі шалбары бар костюм үшін 8-10 мың теңге сұрайды. Ал, қыз балалардың қара, көк түсті сарафаны 5000 теңге тұрады. Ер баланың көйлегі мен қыз балаға арналған ақ күртешелер 2500 теңгеден басталады. Бірінші сыныпқа баратын балаға арналған аяқ киімнің ең арзаны – 3000 теңге.
Қаламызда базарлар мен сауда орындары көп болғанымен, халықтың бағасын қолайлы көріп баратын жері – Орталық базар. Сол жердің сөрелерінде жайылған тауарларға көз жүгірттік. Мұндағы бағаның былтырғыдан аздап қымбаттағаны байқалады. Мәселен қыз баланың жейдесін 2500-3000 теңгеге алуға болады. Ал ақ-қара белдемшесі бар форманы 5000 теңгеге, әдемі бантикті 400 теңгеге сатып ала аласыз. Ер балаға көйлек іздесеңіз, қалтаңызда кем дегенде 3500 теңге, костюм-шалбар алу үшін аз дегенде 6000 теңге болуы тиіс.
Базарларда Түркия, Қытай, Қырғызстаннан әкелінген өнімдер толып тұр. Соңғыларының бағасы әжептәуір төмен. Осыны көргенде, отандық өндіріс орындарын көптеп ашып, балалар киімдерін тігуге болмай ма, екен деген ойда қалады екенсің.
Айталық, көршілес ресейліктерді өздерінің "Детская одежда", "Старт", "Смена", "Маленькая леди" сияқты тігін фабрикалары мен ательелері қамтамасыз етіп отыр.
Бізде де тігіншілер үшін оқу жылының басы қауырт болып тұр. Өкінішке орай, ательедегі шеберлердің қолынан шыққан киім-кешектер базар бағасынан әлде қайда қымбат. Негізгі қызметінен бөлек, үйде іс тігумен айналысатын Анар Түкебаева жаңа оқу жылы қарсаңында, әсіресе, 11-сыныптың қыздарының мектеп формасын тіккізетінін айтады. Былтыр тапсырыс берген нәзік жан иелеріне арналған көйлек пен белдемшені 5-6 мың теңгеге тігіп берген шебер, биыл әзірге тапсырыс қабылдамапты.
Әрине, матасы да, тігісі де сапалы киімдер базарда да толып тұр. Олардың бағалары 15-18 мың теңгенің айналасында. Бірақ, үйінде үш-төрт баласы бар ата-ананың бәріне бірдей сапалы киім алуына шамасы жете ме?
– Сапалы киім алайын деп сауда орталықтарындағы дүңгіршектерді қараған едім. Түркия мен Ресейдің киімдерінің бағалары удай қымбат. Біреуіне аяқ киім алып берейік деп едік, 12 мың теңге екен. Бір бәтеңкеге жұмсалатын қаржымен немерелерімнің бірін бастан-аяқ киіндіруге болады. Осы ой жетелеп, Орталық базар-ға келдім, – дейді қарт әже Ұлмекен Шәй-кенқызы. Бір байқағанымыз – базарға барып, бағын сынап жүргендер көп екен.
Мешіт ҒАЗИЗ.