ҮМІТ – ЖОМАРТ ЖАНДАРДА
Үйі өртеніп кеткен қостанайлық отбасы көмек сұрайды
Редакцияға қала тұрғыны Мұрат Болатов көмек сұрай келді. Оның солтүстік-батыс шағын ауданындағы үйі толығымен өртеніп кеткен. Өзінің айтуынша, қызыл жалын түнгі сағат үштің шамасында тұтанған.
– Алаулаған өртті өзім сөндіріп көруге тырыстым. Жалын бетті қарпып, жақындатпады. Әуелі, тоқ пеш күйді. Содан соң жалын бірден төбеге көшті. Төбе жабындысы тез тұтанғыш материалдан жасалғандықтан, өрт лезде шарпып кетті. Сол кезде жұбайым мен баламды сыртқа алып шықтым. Өрт сөндірушілер жеткенше үйдің тең жартысы жанып кеткен-тін, – деді зардап шегуші.
Қостанай облыстық ТЖД апаттық-құтқару және өрт сөндіру бөлімі үйдің өртенгені туралы сағат 03:39-да хабар алған.
«Қостанай-2 ауданында 50-учаскедегі жеке тұрғын үй өртеніп кетті. Оқиға орнына №1 өрт сөндіру бөлімі құрамындағы 6 адам жұмылдырылған. Өрт аумағы – 60 шаршы метр. Үй ішіндегі бір газ баллоны залалсыздандырылды. Өрт 05:57 сағатта толықтай ауыздықталды», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сөндіремін деп жүріп, жарақат алған үй иесі Мұрат Болатов жедел-жәрдем қызметі көмегімен қалалық ауруханаға жеткізілген. Оған 1,2 дәрежелі термиялық күйік диагнозы қойылды.
– Бәрін бір демде жоғалтқаным жаныма батады. Жанып кеткен заттарға қараған сайын өзімді қоярға жер таппаймын. Жеке құжаттарымыз, қысқа жиған азық-түлік, төсек орын, есік алдындағы құрылыс материалдарының барлығы күлге айналды. Алда қыс келе жатыр. Үйді қайта тұрғызып үлгірмейтінім анық. Енді газет арқылы жомарт жандардан көмек сұруға мәжбүр болып отырмын. Әкімшілікке барып, өтініш жаздым. Бірақ, нақты көмектесеміз деп айтқан жоқ. Бар үмітім – жомарт жандарда, – деп кейиді үй иесі.
Бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарластық. Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы Анар Шәріпованың сөзінше, зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетілуі мүмкін. Қандай көлемде жәрдем ұсынылатыны арнайы құрылған сараптама қорытындысына байланысты шешіледі. Ал, оның қашан шығатыны белгісіз.
Мұрат Болатовтың өзі қазір үй маңындағы қораны паналауда. Көршілері аз-мұз киім-кешек беріпті. Жұбайы Нұрсұлу «Баян Сұлу» зауытында жұмыс істейді. Ол кіші қызымен бірге құрбысының үйінде уақытша тұрып жатыр.
Зардап шеккен отбасыға «Бюро добрых дел» қоғамдық қоры жәрдем етуге уәде етіпті. Сондай-ақ, көмектесемін деген адамдар «Қостанай таңы» редакциясына немесе мына телефондарға хабарласуына болады: 87714297142, 87756830492.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков