Тұрғын үй салу 10 пайызға артады

Өткен жылы өңірімізде 379,4 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылға қарағанда 13,1 пайызға артық. Өңірлік мәслихаттың тұрақты комиссиясының кезекті отырысында осылай деген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов алдағы атқарылар жоспармен де бөлісті.
     Аудандарға басымдық көп
    – 2021 жылы баспананы пайдалануға беру 449 мың шаршы метрді құрап, өткен жылғыдан 10 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Оның 37,5 мыңы сатып алу құқығынсыз жалға беріледі, 110,5 мыңы жергілікті атқарушы органдар облигациясы арқылы несиелік баспана, 121,9 мыңы коммерциялық тұрғын үй, 179,1 мыңы жеке тұрғын үйдің үлесінде. Мемлекеттік «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық бағдарламасы аясында биыл 20,4 млрд теңге бағытталады. Жылдың алғашқы тоқсанында 93,5 мың шаршы метр баспана (64,7 мың шаршы метр 604 пәтер мен 28,8 мың шаршы метр жеке тұрғын үй) тапсырылады деп күтіліп отыр. Жылдың алғашқы екі айында 574 шаршы метр арендалық және несиелік пәтерлер мен 143 жеке үй тапсырылды, – деді Б.Таңжарықов.
   Бір айта кетерлігі, соңғы жылдар ішінде алғаш рет Амангелді, Меңдіқара, Науырзым, Жітіқара, Денисов, Федоров аудандарында көппәтерлі арендалық тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Олардың жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр. Кезекте тұрған 180 тұрғынға баспана бұйырды.
Үстіміздегі жылы 7 арендалық көп қабатты үй салуға 2,3 млрд теңге бөлінеді. Юбилейный шағын ауданында 2, Қонайда 1 және рудныйда 1 үйдің құрылысы аяқталса, Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларында 3 үйдің құрылысы басталады.
    Көп балалы аз қамтылған отбасылар да айрықша назарда. Оларға арналып Қостанайда 50, кеншілер қаласында 22 пәтер тапсырылмақ. Несиелік бағыт бойынша 33 көп қабат тұрғын үй құрылысына 7,1 млрд теңге қарастырылып отыр. Қостанайдың шағын аудандарында жалпы ауданы 111,1 мың шаршы метрлік 25 көп қабатты үйлердің құрылысы аяқталады. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарына 10,1 млрд теңге қарастырылған екен.
      Жаркөлдегі жаңалықтар
    Федоров ауданында баспана кезегінде 262 адам тұр. Соңғы екі жылда Жаркөл өңірінде жалпы аумағы 3,2 мыңға жуық шаршы метр болатын 52 пәтерлі 3 арендалық үй салынған. Олар ата-ананың қамқорынсыз қалғандарға, жетім балаларға, көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жас мамандарға және қызметтік пәтер ретінде беріліпті.
    – Тағы 24 пәтерлі екі үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, ол облыстық құрылыс басқарасына жолданды. Және төрт пәтерлі үйдің ЖСҚ-на түзету енгізілді. Бүгінгі жиынды пайдаланып, депутаттардан жоғарыда жолданған құжатты қаржылық жағынан мақұлдауды сұраймын, – деді баяндама жасаған Федоров ауданы әкімінің орынбасары Арнұр Сартов.
      

     

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓