Аймақ басшысы Жітіқара ауданында болды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Жітіқара ауданында болды. Алдымен егіс алқаптарын аралап, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, "Жітіқаракоммунаэнерго" МКК орталық қалалық қазандығының жұмысымен танысты. Артынша, Жастар ісі жөніндегі облыстық кеңестің отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралды. Сондай-ақ, әкім жергілікті бюджет қаражаты есебінен бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені Жітіқара араенасының ашылу салтанатына қатысты. Атаулы жобаның дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға және насихаттауға мүмкіндік беретінін өңір басшысы ерекше атап өтті.
Өңір басшысы "Горняк" стадионында "Тың-Целина-2019" Қостанай облысының XXXIV спартакиадасының ашылу салтанатына қатысты.
– Дәстүрге айналған спорт сүйер қауымы асыға күтетін облысымыздың үлкен додаларының бірі "Тың-Целина-2019" облыстық спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде спорт саласында қарқынды жұмыс жүргізіліп, қол жеткізген табыстарымыз да жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру жұмыстарының нәтижесінде 67 нысан ашылып, оған қоса "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында демушілердің көмегімен 18 жоба жүзеге асырылды, – деді аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы.
Биыл спартакиада алауын жағу құқығы бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1979 жылы бокстан КСРО ашық чемпионатының жеңімпазы, Жітіқара ауданының құрметті азаматы Берік Жаманқұловқа берілді. Іс-шараға 18 спорт түрінен екі мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, салтанатты шерудің ашылу салтанатына арнайы Алматыдан келген ҚР-ның халық әртісі Роза Рымбаева әннен шашу шашты. Шара соңында меркелік от шашу атылды.
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.