Жағалау жаңа кейіпке енеді
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Тобыл өзені жағасын абаттандыру жұмысымен танысты.
Қала әкімінің орынбасары Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, сол жақ жағалаудағы құрылыс жұмыстары аяқталып қалған. Биыл 430 млн теңгеге өзен бойындағы 220 метр аумақты жөндеу жоспарланып отыр. Оның сөзінше, жағалау маңындағы ескі үйлер құрылысқа кедергі келтіруі мүмкін.
-Әуелі тұрғындардың келісімімен ескі үйлерді сүру керек. Заңның аясында керекті сомасын төлеңдер. Үй иелеріне өтемақысын беріңіздер. Өзен жағасына жақын үйлердің қоршауларын бірдей қалыпқа келтірген жөн. Қазір бәрі ала-құла және қоқыс қаптаған. Оған демеушілерді тарту қажет. Көмектессін!- деп тапсырма берді өңір басшысы.
Бұдан соң Архимед Мұхамбетов арнайы велосипед жолын салуды ұсынды. Сондай-ақ, жағалаудағы жолдардың кескін-сызбасы әкімдіктің ресми сайтына ілінеді. Дуалдардағы суреттерді көрген әкім бұл бастаманы қолдайтынын айтты.


-Мұның барлығы қаланың көркі үшін. Содан соң сапалы тастармен төсеу керек. Сонымен қатар, құмдағы волейбол, футболды дамытуға болады. Жалпы, жағалауда спорт алаңдары көп болуы тиіс. Келер жылы тағы да 200 метр ары қарай созып, жүгіру жолағын жасайық,- деді Архимед Бегежанұлы.
Айта кетейік, жағалаудағы құрылыс 63 696 шаршы метр аумақты құрайды. Жоспар бойынша, 1 қарашада алғашқы нысандар тапсырылады.







Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.