Жақсыдан – шарапат Майдангер, қаламгер, қайраткер Бақытжан Жангисиннің туғанына – 90 жыл

IMGМына тылсым тіршілікке келген әрбір адамның өмір бойы өнеге тұтып, парасат-пайымына бас иіп, рухына тағзым етіп, еске алып жүрер ең болмағанда бір қимас жаны болады. Мен үшін сондай тау-тұлғалардың бірі қолыма қалам алып, журналистік жолымды бастағанда ағалық ақылын айтып, болашағыма жол сілтеген, жақсылығым болса асырып, қанаттандырған, мүлт кеткен сәттер болса, сабасынан аспай, дауыс көтеріп, даурықпай тәлімгерлік шеберлікпен тура жолға салып жіберген Бақытжан Жангисин аға еді. Ол осы қолыңыздағы «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы болып қызмет істеп жүргенде алдына келіп, батасын алған баланың бірі де өзіміз болдық. 1967 жылғы сол алғашқы жүздесу менің бүкіл өмірімді қазақ мәдениеті мен  қоғамдық пікірінің қара шаңырағы – «Қостанай таңымен» мәңгілікке байланыстырды.
1.Ағаның алды кең жайлау
Бала жастан армандаған мамандығым – журналистік еді. Мектеп бітіріп, содан кейін екі жыл өндірісте жұмыс істеп, сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жал-ғыз университеті – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, Алматы сияқты ғажап шаһарға бауыр баса бастаған шақ еді. Екінші курста бір айлық өндірістік тәжірибеден өту керек болды. Қасымдағы жолдастарым Алматыдан алшақтамай әртүрлі газет-журналдар мен радио-теледидар редакцияларын төңіректеді. Сол дүрмекке ілескен мен де Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакциясы есігін имене ашып, бас редактор Әбдіуәли Қарағұлов ағаның алдынан бір-ақ шықтым.
Әбекеңе келген мәселемді асығып, аптығып баяндап жатырмын.
– Қай жақтан келген қазақсың? – деді.
– Қостанай облысынан.
– Онда не істедің?
– Рудный қаласында, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болдым, ағай…
– Онда сен, шырақ, сол темір-терсектің ішінде жүре бермедің бе? Осы КазГУ-де-гілер де қызық, оқуға кім болса, соны алады. Мұны мен декан Амандосовқа айтуым керек, – деп қабағын түйді, қатулана қарады.
… Бас редактордың кабинетінен атып шықтым. Жұрт мақтаған ағаның мән-жайды білмей жатып, байбалам салғанына тіксініп қалдым. Ол менің осы оқуға түсу үшін екі жыл еңбек өтілі болсын деп «темір-терсектің» ішінде болғанымды білгісі де келмеді, сол Рудныйда жүріп, газет-журналдарға қазақша-орысша жазған талай мақалаларым бар екенін де ескермеді.
«Жетісуды» желкемнің шұқыры көрсін деп, ұшаққа отырып, Қостанайға тартайын. Ол кезде әуе көлігінің билеті студенттер үшін 14 сом-ақ. Сол кездегі «Коммунизм таңы» газетінің редакциясына, Бақытжан аға алдына келдім.
– Сәлім деген журфактың студенті сен екенсің ғой. Сыртыңнан жақсы білемін, бірнеше мақалаларыңды да жарияладық. Қаламақысын да кешіктірмей салып отырдық, он бес-жиырма сом да  студент үшін үлкен демеу ғой, – деп ағам мені баласынбай ағынан ақтарылып отыр.
– Келгенің жақсы болды. Оқуыңа бар-ғанша штатқа қызметке аламын, айына 100 сом төлеп, әдеби қызметкердің міндетін жүктеймін. Ал қазір бұйрық беріп, өзіңді ауылыңа іссапарға жіберемін. Ата-анаңды қуант, елдің жаңалықтарын жазып келерсің…
«Жетісудың» тұтқасын ұстаған ағамның суық сөзі көңілімді қалдырса, Бәкеңнің риясыз, тілектестік көңілі жанымды жадыратты.
Ризашылықпен рахмет айтып, шығып бара жатқанда:
– Оқуыңды бітірген соң осында, туған жерге кел, Алматыда сенсіз де жазғыштар жетеді, мына Би-ағаңның қасиетті ордасына өзің сияқты жастар керек-ақ, – деді.
Міне, сол сөз қамшы болып, 1967 жылдан бастап тағдырымды Би-ағаңның «Ауылымен» ажырамастай етіп байла-ныстырдым. Күні бүгінге дейін сол қастерлі құттыханада қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін.
2.Жастардың жанашыры
Бақытжан Хұсайынұлы – ерекше тәжірибелі, орысша да, қазақша да майын тамызып жазатын, көпті көрген, екі бірдей жоғары білімі бар, 1958 жылдан Журналистер одағының мүшесі, 1968 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағын алған, қанқұйлы соғыста Курск иініндегі алапат шайқаста болған, Белгород, Харьковты азат еткен, 73 гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы пулеметшілер взводының командирі болған, «Халықтар Достығы», екі «Құрмет Белгісі», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапаттал-ған өр тұлға еді.
Журналистік қызметінің алдында аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде лауазымды қызметтер атқарған ағаның жастарға деген қамқорлығы ерекше-тін. Ол 1952-63 жылдары сол кездегі «Коммунизм жолы» («Қостанай таңы») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болды, ал 1963 жылы Тың өлкесінің құрылуына байла-нысты солтүстік облыстардағы қазақ газеттері жабылып қалғанда ол облыста орыс тілінде шығатын «Ленинский путь» газеті редакторының орынбасарлығына бекі-тілді. Ал 1966 жылы бүгінгі «Қостанай таңы» (ол кездегі атауы «Коммунизм таңы») газеті қайта ашылғанда Бәкең қара шаңыраққа қайта оралып, басшылық тізгінді ұстады. Ол осы қызметте он сегіз жыл бойы абыройлы еңбек етті. Газетті республикадағы алдыңғы қатарлы басылымдардың біріне айналдырды. Оның дәлелі – «Коммунизм таңының» туына 1973 жылы қадалған Еңбек Қызыл Ту ордені еді.
Газет жабылып қалғанда жан-жаққа тарап кеткен журналистер орнына жастарды көптеп тартты Бәкең. Олардың көпшілігі бұрыннан газет жұмысына штаттан тыс тілшілер ретінде қатысып, журналистік жұмысқа төселген жандар еді.
Бәкең қабілетті, талантты жастарды жазған алғашқы мақалаларынан-ақ дөп басып, танитын. Солардың екі-үшеуі туралы айта кетейін.
Торғайдың Қызбелінен қалам тартып тұратын Қайсар Әлім редакцияға келгендер жиырмадан жаңа ғана асқан өрім жас еді. Ол осы шаңырақта жиырма екі жыл бойы аянбай еңбек етті. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік бөлімінің меңгерушісі міндетін мінсіз атқарып, кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Бүгіндер сол аға газеттің шолушысы. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сегіз томдық жинағын шығарған бірден-бір журналист-жазушы, ҚР Президенті сыйлығының, Журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының және де басқа көптеген мәртебелі марапаттардың иегері.
Сол Қайсар редакцияға жаңа келген жылы Украинаның Херсон қаласында «Қостанай» атты теплоходты суға түсіру рәсімі өтетін болды. Сол алыс сапарға Бәкең жас демей осы Қайсарды жұмсады. Қайсар досымыздың жазған сапарнамасы газет беделін арттырған туынды болды.
Қайсар досымыз «Егемен Қазақстан» газетінде істеп жүргенде сонау Карелияның Соловки қаласында жерленген арысымыз Міржақып Дулатовтың сүйегін елге алып келіп, қайта жерлеуге мұрындық болған алашшыл азаматтардың бірі болды. Сол өнегелі де пәтуалы іс туралы «Мұңды сапар» атты хикаят жазып, 10 мың дана таралыммен шығарды, кейін сол еңбек орыс тілінде де басылды. Журналист-жазушыға сол еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы берілді.
Бәкеңнің ерекше сенім артқан шәкірттерінің бірі – бүгінгі белгілі сатирик жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Меценаттар клубының «Қазына» сыйлығына екі мәрте  ие болған мәдениет қайраткері Ғұмар Ахметчин болатын. Ол осы қара шаңырақтағы қызметін меншікті тілшіліктен бастап, бас редакторға дейінгі жолдан өтті. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы лауазымында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Аға бейнесін жадынан шығармай, есімін ардақтап жүретін  жандардың бірі де осы Ғұмекең.
Бәкең қайтыс болғанда өзегі өртеніп, аһ ұрып, соңғы сапарға шығарып салу тізгінін де қолға алып, қабырғасы қайысқан шәкірттерінің бірі де осы Ғұмекең. Ағаның денесін жер қойнауына сол Ғұмекең екеуіміз қимас көңілмен  табыстап, мәңгілікке қоштасқан сәт те ұмытылар емес.
Бәкеңнің қырағы көзі Қанат Аужанов деген жап-жас жігітті қалт жібермей редакцияға шақырғанда ол әлі жиырмаға да келмеген екен. Мектепті кеше ғана тәмамдаған сол Қанат Қазақ университетінің журналистика  факультетін сырттай оқып, бітірді, кейін Алматы жоғары партия мектебінде білім алды. Редакция ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып жемісті еңбек етті. Талай журналистік конкурстардың жүлдегері болды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлық алды.
Әттең, редакция басшылығына кездейсоқ келген бір әріптесіміздің кесірінен оның қара  шаңырақтан кетуіне тура келді.
«Қостанай таңын» соңғы он шақты жыл бойы басқарған Жайберген Болатовтың тұсында Бәкеңнің шәкірттері редакция қабырғасына абзал жанға ескерткіш тақта орнатып, оның рухына тағзым етті. Кеше ғана ұлы Бейімбет Майлиннің туғанына 120 жыл толуына және Баспасөз күніне арналған жыр мүшәйрасының бір жеңімпазына редакция  алқасының ұйғарымымен Бақытжан Жангисин атындағы жүлде тағайындалып, тапсырылды. Енді бұл дәстүр жыл сайын жалғасын табатын болады.
Сөйтіп, Бәкеңнің соңында қалған ізбасар іні-қарындастары майдангер, қаламгер, қайраткер тұлғаны ешқашан ұмытпақ емес.
3.Өмір өрнектері
Бәкең 1924 жылы 10 тамызда Қарталы маңындағы бір шағын ауылда туған екен. Ол елді мекеннен бүгіндер із де жоқ. Ағамыз Ақсу ауылын өзінің туған жері ретінде атайтын, ол кезінде «Әйет» кеңшарының төртінші бөлімшесі болатын. Бұл ауылдан академик Темірбай Дарханбаев, журналист-жазушы Аманғали Сегізбаев, басқа да белгілі адамдар шыққан.
Бәкеңнің әкесі Хұсайын, анасы Ғайныш қарапайым шаруа  адамдары екен. Олар үш ұлы мен бес қызын өз заманының лайықты адамдары етіп тәрбиеледі.
Бәкең адамгершілігі ерекше жоғары, кісінің алдынан өтпеген, ішкі мәдениеті керемет, кішіпейіл де сабырлы адам еді. Жиырма жылдай бірге қызмет істей жүріп, оның дауыс көтергенін, жөнсіз әрекетке барғанын көрмеппіз. Күнделікті  жұмыста әртүрлі  жағдайлар болып жатады. Бәз біреулер болса, кабинетіне шақырып алып, жер-жебіріне жетіп, ұрсып, сөгіс беріп, жұмыстан қуып, шыр-пыр болар еді. Ал Бәкең болса, жанашырлықпен:
– Саған сенім артып, үміт күтіп отырған бір дүйім жұрт бар ғой, қарағым, – деуден аспас еді.
Ағамыздың жұбайы Күлпан жеңгеміз де керемет жан-ды. Үш баланың анасы, еңбек озаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып екі мәрте  сайланған қайраткер ана еді. Алматыда қызы Майраның қолында қайтыс болып, сүйегін алып келгенде Қостанай вокзалынан қарсы алып, Бәкеңнің жанына мәңгілікке тыныстаттық. Ал ағамыздың екі ұлының өмірі ұзақ болмады.  Өкінішті-ақ…
Бірақ, асыл ағаның жарқын бейнесі талай жүректерден орын алып, жатталып қалғаны да бүгінгі күндей ақиқат…
«Жақсыдан – шарапат» дегенімізде осы.
Сәлім
     МЕҢДІБАЙ
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓