Картоптың құны неге шарықтап кетті?
Күз молшылық айы деп үйренген біз қысқа әзірлікке осы бастан кірісіп кетеміз. Шаруалар тынбай еңбектеніп, өнімдерін сатылымға шығаруда. Бірақ, неге екені белгісіз, биылғы жылы жемістердің бағасы шарықтап тұр. Жылда осы мезгілде 50-60 теңге болатын картоптың келісі 120 теңгеден бір-ақ шықты. "Неге?" деп қалтасын қаққан көпшілік алаң. Көз ілеспей өсіп жатқан тауар бағасы қалай болмақ. Осы бір ғана картопты алатын болсақ республика көлемінде 74,9 пайызға қымбаттаған. Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай сатылымдағы картоптың дені –Ресейден келіп жатқан өнімдер. Олардың бағасы жергілікті өнімге қарағанда арзанырақ. Сонда бұл қалай болғаны?




Қала тұрғыны Райхан Ахметова апамыз:
«Жалпы азық-түлік қымбаттауда. Ол бізге және халыққа ауыр тиді. Зейнетақымыз кейде жетпейді. Дәрімнің өзін жаңа 17 мың теңгеге сатып әкеле жатырмын. Зейнетақының тең жартысы дәрімен кетті деп есептей беріңіз. Қазір нағыз жеміс-жидектің піскен шағы болса да олардың да бағасы ол кетті шарықтап. Қазір мынадай баға болса, қыста қанша болар екен?».
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Оразбаевтің «24-КZ» телеарнасына берген сұхбатында:
–Өткен жылдарды ескере отырып, биыл біз қор көлемін ұлғайттық. Келісім-шарт мерзімін де ұзарттық. Себебі осы жылы көктем аяғында картоп бағасының көтерілгендігіне куә болдық. Енді жергілікті шаруалармен 1-ші маусымға дейін жасалған келісім бойынша бағаны тұрақты ұстауға мүмкіндігіміз бар», – деген еді.
Бірақ, бұл бір ай бұрынғы сұхбат, өзіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанымызда телефонға жауап болмады.
Міне, қыс қамын ойлаған елдің жайы осындайда тығырыққа тіреледі. Айлығы шайлығына жетпей жүрген қарпайым халық сонда да жақсылықтан үмітті.
Сералы Раманұлы,
Айтолқын Қапан.
ҚМУ студенттері.