235 бос жұмыс орны бар
Соңғы уақыттары мемлекеттік қызметтегі кадр тапшылығы туралы айтылып жүр. Бұл мәселені облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов дүйсенбілік аппарат мәжілісінде көтерді. Қостанайдағы мемлекеттік органдарда 235 бос жұмыс орны бар екен. Науырзым ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі лауазымы төрт жылдан бері бос тұрған көрінеді. Аппарат басшысының айтуынша, Ұзынкөл ауданында бас маман лауазымы екі жылдан бері бос тұр. Денисов ауданындағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымына соңғы бір жылда ешкім тағайындалмаған. Облыстық басқармаларда 46 бос жұмыс орны бар. Соның ішінде, денсаулық сақтау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджетті жоспарлау, дене шынықтыру және спорт, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария басқармаларында маман тапшы. Аппарат мәжілісіне қатысқан өңір басшысы Архимед Мұхамбетов аталған олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі лауазымының ұзақ уақыт бос тұруы дұрыс емес. Елімізде жақсы маман даярлайтын жоғары оқу орындары баршылық. Жас мамандарды қызметке тартып, тәрбиелеп, жағдайды шешуге болады. Бұл мәселені тез арада шешу керек,-деді облыс әкімі.

Қымбат ДОСЖАНОВА