Қарттар – асыл қазына
Қарттар күні қарсаңында ҚР Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жылдағы дәстүр бойынша жалғасын тапты. Әр жылы Академия қызметкерлері және курсанттар өздеріне бекітілген ардагерлердің үйлеріне барып, сый-сияпат жасап, қал-қадірлерінше құрмет көрсетіп қайтады.

Ал Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов бастаған басшылық құрам Академияның ардагерлерін жинап, мерекелік дастархан жайып, барлығына бірдей үлкен ілтипатпен қошемет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Міне, осындай әдемі мерекелік дастархан жақында Академияның эстетикалық залында жайылды.
Мерекелік бас қосуды әдеттегідей Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы өз құттықтау сөзімен ашып, барлық ардагерлерді ұстаздар және ардагерлер күнімен құттықтады.



Бүгінгі таңда ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жоғары ведомстволық оқу орнының ардагерлер ұйымында 130-дан астам ардагер бар екен. Аталмыш ұйым – Академия үшін бірлік пен ұрпақтар жалғасы, ішкі істер органдарына білікті мамандарды дайындау үрдісін жетілдіруші.
Жиында ардагерлердің көңілі бір жадырап қалды. Олар ақ дастархан басында қосылып ән шырқап, денсаулығы келіскендер академия қызметкерлерімен бірігіп би биледі.
Бас қосу соңы курсанттардың ұйымдастырған шағын концерттік бағдарламасына ұласты.
Академияның баспасөз қызметі