Сенбіде жұмыс істейді
Қостанай ХҚКО кезекшісі сенбі күндері жұмыс істейтін болады.
Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі 1 шілдеден бастап өзгереді. Енді олар, мерекелік демалыс күндерін қоспағанда, сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Дүйсенбі-жұма күндеріндегі жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады – 9.00-ден 20.00-ге дейін.
"№1 Қостанай Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекші бөлімі бар. Ол Қостанай қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 46 мекенжайында орналасқан. Өңірдің қалған ХҚКО бөлімдері дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін стандартты кесте бойынша жұмысын жалғастырады", – деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ Қостанай облысы филиалының директоры Қанат Төлепұлы.
Қазақстандықтар сондай-ақ, «ХҚКО» қосымшасы және бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы, eGov порталында, EgovKzBot2.0 телеграм-ботында, Egov mobile қосымшасы арқылы да ХҚКО-на кезекті алдын ала брондай алады.
Мамандар жаңа жұмыс кестесі Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының тиімділігін арттырады деп отыр.
Айта кету керек, кезекші ХҚКО тек облыс орталықтарында ғана бар. Ұлытау және Жетісу облыстарында олар кейінірек анықталады.