Мақсат – сенімділікті арттыру
Қазіргі кезде уақыт ағымына байланысты мемлекеттік аппараттың кәсібилігі, меритократия қағидатының сақталуы үкімет тарапынан қабылданатын шешімдердің сапасын арттырмақ. Елімізде қабылданған «Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларында» айтылғанындай, мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануы қажет.
-Сондықтан да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Қызмет көлігі тек мемлекеттік қызмет үшін» атты акциясын өткізіп отыр. Бұл іс-шара қоғам мен мемлекеттік орган арасындағы байланысты нығайтып, сенімділікті арттырмақпыз. Өздеріңіз білесіздер, кей жағдайда қызмет көлігін пайдалану мәселесі жұртшылық тарапынан келеңсіздік жағдайларды тудырып отырады. Ол да түсінікті. Жаңа заңнамаларға байланысты қызмет көлігін пайдаланғаны үшін мемлекеттік қызметшілерді Әдеп кеңестерінде тәртіпке шағырып, шара қолдамыз. Осы акцияға облыс өңіріндегі барлық мемлекеттік органдар қатысуға ниет білдірді. Мемлекеттік көліктерге логотип жапсырылады, телефон нөмірлері де көрсетіледі, осы анықтамалар арқылы жұртшылық заң бұзылған жағдайда хабарласуына болады. Пікірлер, ұсыныстар түсіп жатса, әрі қарай жетілдіретін боламыз, –деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Е.Салықбаев.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ