Жаңа маусымға даярлық

Бүгін облыс әкімі А.Мұхамбетовтің қатысуымен өткен селекторлық жиында 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымын аяқтау және алдағы маусымға дайындық мәселесі қаралды. Бұл туралы облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров мағлұмат берді. Оның айтуынша, маусым аяқталу алдында тұр. Норма бойынша, орташа сыртқы ауа температурасы үш тәулік бойы +10°С-тан асса, жылу ағытылады.
"Жылыту маусымы ешқандай ақау, ауытқусыз өтті. Өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне, тұрғын үй және коммуналдық секторларға уақытылы отын дайындалды. 425,8 мың тонна көмір әзірленді. Жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп, облыстың шалғай елді мекендерінде көмір тапшылығы байқалған жоқ. Бүгінде аймақтың ТКШ нысандарында 3 мың тонна көмір қалып отыр", – деді басқарма басшысы.
Биыл Арқалық ЖЭО үшін, өткен жылғы 6 440 тонна қалдықты қоса есептегенде, 23 119 тонна мазут дайындалыпты. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалған. Қазіргі уақыттағы қалдық мазут қоры – 747 тонна. Д.Асқаров баяндағандай, отынмен қамтылудан бұрын, "Нұрлы жер", "Ауыл –ел бесігі", "2020-2025 жылдары аймақтарды дамыту", "Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021" мемлекеттік бағдарламалары аясында 27 жылу және электрмен қамту жобасы жүзеге асқан. 
"Ал алдағы жылыту маусымына қарсы ірі коммуналдық кәсіпорындарда жоспарлы жұмыстар басталады. Инвестбағдарлама аясында Қостанай ЖЭО-ның бу қазандығы, үш су жылыту нысаны және жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді. "ССКӨБ" АҚ  және Қашар кенті жылу-энергетикалық орталықтарына да дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді басқарма басшысы. – Облыс аймақтары отын дайындау жұмыстарын жылдамдатуы қажет. Бүгінде білім беру мекемелеріне көмір жеткізу бойынша конкурс басталды. 908,6 млн теңгеге 100 490,2 тонна тарату көзделіп отыр. Ал денсаулық сақтау мекемелері үшін мұндай конкурс мамыр айында басталады".
Биылдан бастап қатты отынмен жылытуға көшкелі отырған Арқалық ЖЭО-на 48 030 тонна көмір түсіру үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінгені мәлімделді. Айта кету керек, жаңа нысанның құрылыс-монтаждық жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 714,5 млн теңге бөлінген. Мұнымен қоса мамыр-тамыз айлары аралығында жылу орталығының түтін мұржасын қалпына келтіру және нысанды іске қосу және реттеу жұмыстарын бастау көзделіп  отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓