Қостанайлықтардың қуанышы еселене түсті
Ұлық мейрам Құрбан айт қарсаңында қостанайлықтардың қуанышы еселене түсті. Облыс орталығында дәл осы уақытқа дейін құрылысы тоқтап тұрған Алла үйі мереке күні есігін айқара ашып, жұртшылықты қуанышқа бөледі. Сондай-ақ, Арман-1 мөлтек ауданындағы "Арман қала" тұрғын үй кешені өз иелерін қарсы алды. Бүгін баспана кезегінде тұрған дәрігерлер мен мұғалімдер, көп балалы отбасылар қоныс тойын тойлап отыр. Үй иелеріне пәтер кілтін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келіп тапсырды.

-Алдымен, баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Міне, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен қабылданған "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында осындай қуанышқа кенеліп отырмыз. Бүгін 94 қостанайлық отбасы баспаналы болып, өз қоныстарына келіп жайғасуда. Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесін шешу үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Бұдан бөлек, Әуежай шағын ауданында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жуық арада ол жақта да қоныс тойы тойланатын болады. Сонымен қатар, Рудный қаласында, Қостанай ауданындағы Затобол кентінде де көп қабатты үйлер саламыз. Тағы да қоныс тойларыңыз құтты болсын!-деді облыс әкімі.




Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.