Кәсіпкерлер үшін «Qamqor» мобилді қосымшасы

Бұрын қадағалаушы мекеме бизнесті кедергісіз тексеріп келді. Ал биылғы жылдың 14 шілде күні қабылданған еліміздің прокуратура туралы жаңа заңында мұндай тексерулер тек арнайы құқықтық статистика органы арқылы жүзеге асырылатын болды. Соның айғағы – үстіміздегі жылы аймақ прокуратурасы бірде-бір кәсіп саласына тексеру жүргізбеген. Бұл жөнінде аймақтық прокуратурада өңірдің белді кәсіпкерлерімен өткен кездесу барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары Марат Әбішев баяндады.абишев
– Біздің тарапымыздан тексеру болмаса, кәсіп иелері арқасын кеңге салсын деген сөз емес. Себебі, біз де мемлекеттік өкілетті органдарға үйлестіру жүргіземіз. Мәселен, монополияға қарсы мекеме тұрғындарды өз қаражаттарына есептегіш құралдар орнатуға мәжбүрледі деп, Қостанай жылу-энергия компаниясына 2,5 миллион теңге айыппұл  салды. Сондай-ақ, заңсыз үлескер тартты деген 3 құрылыс мердігеріне қатысты тексерулер жүргізілуде. Алайда, басты міндетіміз жергілікті кәсіпті қолдау. Бұл мақсатта атқаратын жұмысымыз тоқтамайды, – деді ол.
Өткен жылы Қарабалық, Меңдіқара, Қостанай аудандарының мәслихаттары жерге салынатын салық мөлшерлемесін заңсыз көтеріп жіберген. Тек прокуратура араласқаннан кейін ғана бұл шешім өзгеріпті. Марат Әбішев кәсіпкерлерге артық салық төлеудің қажеті жоғын ескертті. Бұдан бөлек, қазір қадағалаушы орган әкімшіліктердің жер телімдерін мемлекет қажеттілігіне алу заңдылығын назарына алған. Себебі, кейбір өңірлерде мемлекет пайдасына алынған жердің өтемін жергілікті билік айлар бойы созбалаңға салып жібереді екен.
Бүгінгі таңда бизнес саласына қойылатын талаптар қайтадан қаралу үстінде. Себебі, мемлекеттік органдар 114 сала бойынша бақылау және 18 сала бойынша қадағалау жүргізеді. Осы орайда Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетіне барлық салаға үйлестіру жасау міндеті жүктелген. Аталған комитеттің облыстық басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Шонов отырғандарды «Qamqor» мобилді қосымшасымен таныстырды. Мұндай жаңашылдық бизнес саласын заңсыз тексерулерден қорғауға бағытталған.
– Кез келген кәсіпкер «Qamqor» бағдарламасын смартфонына жүктеп, тіркеліп алса болғаны. Қалта телефоныңызға алдын ала «Сізге тексеру келе жатыр» деген хабарлама түседі. Алдымен кәсіпкер актімен, тіркеу мөрімен танысып, тексерудің тіркеуде бар-жоғына көз жеткізеді. «Qamqor» мобилді қосымшасына актінің тіркеу нөмірін енгізіп, барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Егер аталғандардың арасынан нақтыланбаған мәліметтер болса, онда тексеру заңсыз болып есептеледі, – деді А.Шонов.
 
Қыдырбек Қиысханұлы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓