“Тіл тағдыры – ел тағдыры”

Сабыкова Гүлшат ҚайроллақызыЕлбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, "мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы" деген болатын. Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар.
Өзім Қостанай қаласындағы №16 орта мектепте  орыс  тілінде  оқитын жас жеткіншектерге қазақ тілінен сабақ беремін. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да,  тілінен  бал  тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздық жолымда жас ұрпаққа білім нәрін төгуде аянбай еңбек етуге тырысамын. "Әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілі. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы" – деген сөздерді  қазақ тілін үйрету барысында  әрдайым  жас ұрпаққа айтып отырамын.
Ана тіліміз – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің "Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік" деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
Біздің еліміз – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны – бәріміз үшін мақтаныш. Бұл – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, дана ойларының жемісі. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі, мәңгілік ел болып қала бермекпіз. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттары мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайды.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілін меңгеруге  міндетті. Біздің болашағымыз –  ана тілінде! Ана тілімізді мақтан тұтып, мемлекеттік тілімізді құрметтейік ағайын!
Гүлшат САБЫҚОВА,
Қостанай қаласы № 16 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓