ТАРХАН БАБА ТҰҒЫРЫ (Фоторепортаж)
Бүгін Қостанай қаласында қазақтың даңқты батыры, Тархан Шақшақ Жәнібекке арналған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ат үстінде отырған тарихи тұлғаны бейнелеген ескерткіш қаланың батыс жақ кіреберісіндегі айналма жолдағы алаңға, Карбышев-Уральский көшелері қиылысына қойылған.
Тағатсыздықпен тостырған тарихи сәтті тамашалауға жұртшылық көп жиналды. Шараға куә болуға батырдың туған жерінен ғана емес, ҚР Парламентінің депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, Ресей елінен де меймандар арнайы келген. Рәсімнің алғы сөзін алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов батыр бабаға арналған бұл белгінің қандай мән-маңызға ие екеніне тоқталды.
-Бұл игі іс Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Елдікті көрсетер сəулетті ескерткіштің қаланың кіреберісіне қойылуы да бекер емес. Қостанайға әуежай арқылы келген қонақтар Тархан бейнесіне қарап, қазақ батырының рухын бойына сіңіреді. (…) Осынау еңселі ескерткіштің бой көтеруіне атсалысқан азаматтардың барлығына өзімнің және бүкіл Қостанай облысы халқының атынан зор алғыс айтамын, – деді аймақ басшысы.
Батырға арналған белгі ерікті адамдардың қаржысына тұрғызылды. Қаржы жинау үшін "Жәнібек-тархан" қоғамдық қайырымдылық қоры құрылған. Мұны әңгімесін тарихи тұлға жайлы сыр ағытудан бастаған осы шараның бастамашысы, атақты академик Кенжеғали Сағадиев тілге тиек етті. Жәнібек Қошқарұлының "ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен" мәмілегерлігі туралы баян қылды. Батырдың тікелей ұрпақтары атынан Рақым Жұмақұлов шешіле сөйлеп, лебізін жеткізді. Нысанды салтанатты түрде ашу құрметі де осы екі азаматқа – К.Сағадиев пен Р.Жұмақұловқа берілді. Кейін ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қою рәсімі жасалды. Құрметті қонақтардан бастап, барлығы баба рухына бас иіп тағзым етті…
Жалпы, бұл алып мүсіннің скульпторы – белгілі мәдениет қайраткері Қадыржан Кәкімов. Ол Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс ескерткішінің авторы ретінде елге танымал. Осы жолғы өміршең туындысына тоғыз айдай уақытын жұмсапты. Мүсін қоладан ойылып, тұғыры бетонмен өрілген. Тұғырдың таза салмағы – 270 тонна. Ескерткіштің өзіне Алматы облысында өндірілген қола пайдаланылған. Нысанның жалпы биіктігі –14,45 метр. Бұдан былай ер Жәнібек ескерткіші қаланың сәулетіне сән қосып қана қоймай, шаһарға тарихи мән де беріп тұрмақ.
Салтанатты шара соңында қалың қауым "Сұлтан" мейрамханасында Тарханға арналып берілген асқа жиылды. Ол жерде баба аруағына құран бағышталды. Ел ағалары, ақсақалдар тағылымды әңгімелер өрбітті…
Шара А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дегі "Шақшақ Жәнібек – ұлы даланың ұлы тұлғасы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен сабақтасты. Бұл келелі жиынға да аймақ басшысы арнайы қатысты. Тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар баба есімін ұлықтап, қазақ халқының тұтасуына қосқан орасан үлесінен мәлімет беретін құнды деректерді алға тартты, баяндамалар жасады…
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген: Бағдат Ахметбеков, Айбек Жүзбай