Қостанайлық спортшы – әлем чемпионы
Астанада тоғызқұмалақтан өткен IV әлем чемпионатында қостанайлық спортшы чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлемнің 25 елінен келген 70-тен астам спортшы тоғызқұмалақтың классикалық, рапид және блиц түрлері бойынша шеберліктерін көрсетті. Халықаралық турнирді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі жəне Астана қаласының əкімдігі ұйымдастырды. Бес күнге созылған жарыстың блиц түрінен қыздар арасында әлем чемпионы атағын қостанайлық Қымбат Нөсерова иеленді.
("Наш Костанай" сайтынан алынды)
«Біз осы қарсыластармен алдыңғы жылы да кездескенбіз. Міне, екі жыл ішінде оларда қазақтың төл спортының дамығандығын көруге болады. Қарсыластарымның ішінде олқысы жоқ, кемі республикалық дәрежеде өнер көрсеткендер болды», – деді тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қымбат Нөсерова.
Еске салсақ, бұл сынға Австрия, Камерун, Польша және Украина елдері бірінші рет спортшыларын әкелді.
Командалық есепте «Қазақстан-1» құрамасы топ жарды. Жеңімпаз тоғызқұмалақшыларды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Мыңбай, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов марапаттады.
Келесі әлем біріншілігі 2019 жылы Түркияда өтеді.