Рудныйлықтар марафон жүгірді
Жексенбіде Рудныйда І ашық қалалық марафон жарысы өтті. «ССКӨБ» АҚ бастамасымен ұйымдастырылған спорт шарасына арнайы шақырылған қонақ, атақты желаяқ, жер шарының ірі шөлдерінің барлығын жүгіріп өтіп, ұзын саны 160 мың шақырымды бағындырған Марат Жыланбаев пен салауатты өмір салтын серік еткен мыңнан қала тұрғыны қатысты.
Марафонның ашылу салтанатында қала құраушы кәсіпорынның департамент директоры Сәкен Өскенбаев кіріспе сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсаулығының 20 пайызы қоршаған ортаның жағдайына, ал 50 пайызы ұстанатын өмір салтына байланысты. Яғни бұқара халықты осындай игі шараларға көптеп қатыстырсақ, еш ұтылмаймыз. Марафонға жасы 80-ге келген еңбек ардагерлерінің қатысуы – жастарға үлгі болады деген сенімдемін, – деді ол.
Айта кетейік, бір ай бойы жарысқа қатысуға ниет білдіргендер «Горняк» спорт кешенінің арнайы секциясында жаттығып, кәсіби мамандардан жүгіру барысында дұрыс тыныс алу, төзімділік пен күшті қайта қалпына келтіруді үйренді. Сондықтан олар жарыс бағдарламасындағы 3, 5 және 10 шақырымдық қашықтықты қала көшелерімен ойдағыдай жүгіріп өтті.
Марафон қорытындысы бойынша барлық қатысушылар естелік медальдармен марапатталса, жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ең үздік нәтиже көрсеткен спортшылар «Астана Марафон» жарысына қатысуға жолдама алды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ