Алмас – «Қостанай қыраны»
Қостанайда «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңі өтті. Оған салмағы 91-ден 156 келіге дейінгі балуандар қатысты.
Тартысты белдесулерді тамашалауға көрермен көп жиналды. Жарыс көрігін Тобыл-Торғай өңірінің 18 спортшысы қыздырды. Олар алдымен жеребе арқылы қарсыластарын анықтады.
Жарыс нәтижесінде бас жүлдені арқалықтық Алмас Жұмағали жеңіп алса, екінші орын оның жерлесі Аслан Сағитбекке бұйырды. Қос балуан республикалық турнирде Қостанай облысының намысын қорғайтын болды. Үшінші жүлдені Қостанай қаласының спортшысы Абылайхан Қасымханов еншіледі.
«Қостанай қыраны» атағын алған Алмас Жұмағали бұл турнирге ұзақ және қажырлы дайындалғанын, ал финалда Аслан Сағитбекпен өткен белдесу өте қиын соққанын айтты.
«Біз жақын доспыз, бір залда жаттығамыз. Ол менің барлық күшті және әлсіз жақтарымды біледі, мен де оның қыр-сырын білемін. Финал алдында біз достықты кілем сыртына қалдырып, шын күресеміз деп келістік. Бұл жолы сәттілік менің жағымда болды. Енді елордада өтетін республикалық турнирге дайындыққа кірісемін», – дейді жеңімпаз.
Айта кетейік, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бірінші орынға 800 мың теңге, екінші орынға 400 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге берілді.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.