Диқандар науқанға даяр
Егер ауа райы қолай тудырса, ағымдағы аптаның аяғына қарай Қостанай ауданының диқандары егін науқанына бел шеше кіріспек. Ауылшаруашық саласының мамандары бұған сақадай сай. Алдын ала жасалған болжам бойынша да биылғы дән себу мерзімі мамырдың орта шеніне белгіленген-ді. Алайда ауа райының құбылмалылығы жорамалды уақытты кейінге шегеруі мүмкін. Өйткені осы айдың алғашқы онкүндігінде түскен жауын-шашын айлық мөлшермен пара-пар – 34,6 мм. Салыстыра кетсек, өткен жылы ай бойғы жауын-шашын мөлшері 12,5 мм болған еді. Дей тұрғанмен, диқандар табиғаттың тосын мінезін бағып отыруға ниетсіз: күн қабағы ашыла салысымен бірлікті іске білек сыбана кіріспекке даяр отыр. Айта кету керек, аудан алқапқа себілетін дәнмен 100 пайыз қамтылған, яғни 36,5 мың тонна тұқым дала төсіне көмілмек. Бұлардың 6,5 мың тоннасы арнайы технологиямен кептіріліп, 1 тоннаға жуық дән залалсыздандырылды.
Ауылшаруашылық және малшаруашылық бөлімнің мәліметінше, 145,5 га жер ылғалдандырулы. Сондай-ақ, 200 га алқапқа бақша дақылдарының дәні салынды, оның ішінде 117 га жерге картоп отырғызылған болса, 43 га ауқымды өзге де көкөністер егістігі алмақ. Қалған 40 га төңіректі біржылдық шөптесін өсімдіктер алып жатыр.
Жандос Жүсіпбек