КЕЙКІ КЕСЕНЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Оқырмандарымызға белгілі, өткен жылы  Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден елімізге қайтарылған болатын. Одан соң ол Мажарстанға реставрациядан өткізуге жіберілген еді. Антрополог ғалымдар басты мұқият тексеріп, зерттеп, батырдың бет-әлпетін қалпына келтірді. Тіке және қырынан түсірілген бұл суреттер Қазақстандағы барлық дерлік газет-журналдарда басылып, жарияланып, халыққа таныстырылды.
Кейкі батыр ұрпақтары сенатор Серік Ақылбай, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың ректоры Сейітбек Қуанышбаев, жерлес кәсіпкер Таңатар Ахметов, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Марат Сарбозов және басқа да азаматтар бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.кесенеХалық батырының басының елге оралуын жалпы қазақ халқы қуанышпен қарсы алды. Осыған байланысты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов демеушілер тауып, Кейкі батырдың кесенесін Тасты ауылының қырындағы, Жалдама-Арқалық тас жолының маңынан салуды ұсынды. Қазіргі күні кесене айтылған жерде салынып жатыр. Бүгінде оның іргетасы құйылып қойылды. Кесенені салуды ұйымдастырған Астана қаласындағы «ЕL-DAANA» архитектуралық бюросы. Оның басшысы – Эльвира Нұралиева. Бұл бюро Арқалық қаласындағы «Аллюминстрой» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, құрылыстың біраз бөлігін соларға салдыртуды шешкен. Іргетасты құйған осы серіктестік басшысы А.Мұқанов.
Мұның сыртында облыстық, аудандық баспасөздерде Кейкі батырдың басының салтанатты жерленуіне байланысты мақалалар жарияланып, түрлі іс-шаралардың нәтижелері халыққа таныстырылуда.
Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен Алаш партиясы және Алаш-Орда Автономиясының 100 жылдық торқалы тойлары арасында Кейкі батырдың бас сүйегінің елге оралуы – елеулі тарихи оқиға болып тұр. Ешкім бұлай болады деп күткен жоқ. Алайда, Жаратқанның жазуымен, халқының қалауымен, Қазақстан Үкіметін басқарған Кәрім Мәсімов пен Ресей Үкіметін басқарған Анатолий Медведевтің ортақ шешім табуынын арқасында атамыздың бас сүйегі халқымен табысты.
Кейкі Көкембайұлы – ұлтының Тәуелсіздігі мен Азаттығы жолында күрескен ұлт қаһарманы. Оның жарқын бейнесі  ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ерлігі елін рухтандырып тұра бермек.
Кесененің жобасына қарағанда ол сәулет өнерінің осы заманғы көркем үлгісі болмақ. Әрине, жобаны меңгеру – нағыз құрылыс шеберлеріне байланысты. «Аллюминстрой» ЖШС – Торғай аймағындағы басты құрылыс мекемесі. Ауданымызда осы мекеме салған сәнді де мәнді құрылыстар бар. Атап айтқанда, аудан орталығында «Қаламқас» балабақшасы мен Құмкешу ауылындағы екі қабатты орта мектептің құрылысын осы серіктестіктің мамандары мен құрылысшылары салып шықты. Аталған екі құрылыстың екеуі де өздерінің сапалы салынуымен ерекшеленеді. Демек, «Аллюминстрой» ЖШС-нің ұжымы кесененің өздеріне жүктелген бөлігін ойдағыдай салып шығады деген үміт бар.
Ал кесененің күмбездері мен басқа да бірқатар жерлерін «ЕL-DAANA»-ның өз құрылысшылары салмақ. Өйткені, бұлар шеберлікті талап етеді. Бұл бюро өздерінің  сәулет өнеріндегі жетістіктерімен танылған құрылыс мекемесі. Демек, олар батыр кесенесінің талапқа сай салынып шығуына толық кепілдік береді деген сенім бар. Бұларға бұл сенімді жалпы халық артып отыр.
Алла қаласа, кесене осы жобадағыдай болып салынып шығады. Оның барысын облыстық және аудандық әкімдіктер мен тиісті салалық мекемелер бақылап, қадағалап отыр.
Гүлбаршын Смайлова
Суретте: Кейкі батырға орнатылып жатқан кесененің жобасы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓