Әйгілі цирк өкілі Қостанайға келді
Америкалық танымал биші Кейли Уильямс Қостанайға келді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Кейли Уильямс Лос-Анджелестің бірнеше би мектебінде сабақ береді. Ол сондай-ақ атақты америкалық әншілердің бейнебаяндарына түскен. Қазақстанға «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Дю Солей циркі құрамында өнер көрсетуге келген. Кейли өзінің хореографиялық тобымен бірігіп, цирк әртістерінің өнерін бимен әрлейді.Әртіс Қостанайға International Street Dance Session бишілерінің шақыртуымен келген. Interdance студиясының жетекшісі Евгений Гавриштің айтуынша, Дю Солей циркі директоры Дэвид Мур Кейли Уильямсті Қостанайға іссапармен жіберген.
«Біз 2015 жылдан бері әлемдік дәрежеде өнер көрсетіп жүрген бишілерді шақыра бастадық. Мәселен, Ресейден заманауи үлгідегі биді меңгерген шеберлер келіп тұрады. Әрине, Дю Солей циркі қазіргі таңда ойын-сауық индустриясындағы алып компаниялардың біріне айналды. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жиналған 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Міне, солардың бірі Кейли бүгін бізге келісімін беріп, шеберлік сабағын өткізді», – деді Евгений Гавриш.
Шеберлік сабағы екі кезеңмен өтті: контемпорари аталатын сахна биі және хип-хоп. Үзіліс кезінде биші өзі туралы, жалпы би өнері туралы әңгімелесті.
Шара аяқталған соң «Март» ойын-сауық орталығында байқау ұйымдастырылды. Үздік бишілерді Кейли Уилямс өзі іріктеді.