Қала тарихы – ел шежіресі

IMG_3619Қостанай шаһарының 135 жылдық тарихына байланысты "Қостанай қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі" қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Құрылысшы" құрылымдық бөлімінде мәдени іс-шара өтті.
Бұл іс шараға тарихшы-ғалым Аманжол Күзембаев, ақын-ғалым Ақылбек Шаяхмет, композиторлар: Қалибек Деріпсалдин, Геннадий Седов, әнші Қанағат Бекенов және кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектеп оқушылары қатысты.
"Өркендей бер жылдан-жылға сүйікті қалам, Қостанай!" тақырыбында болған игі іс бірнеше айдарларға бөлініп, жиналған жұрт қала тарихына қатысты қызықты деректерден мағлұмат алды.
– Бұл шара мазмұнды тарихпен, мәністі деректермен қамтылыпты, – деп сөз бастады туған өлке тарихын зерттеуші ғалым Аманжол Күзембаев. – Өстіп бүгінгі ұрпаққа біз өнегелі тәрбие мен өрісті білім береміз. Сірә, қандай да бір тарихты сөз етсек те, алдымен оның түбіріне, тұңғиығына үңілуіміз қажет. Мәселенки, Қостанай сөзінің шығу тарихы бірнеше ел аузындағы аңыздарға негізделеді. Жасыратыны жоқ, аңыз бен ақиқаттың арасын біз ажырата алмаудамыз, – деді де Қостанай тарихының көнеден келе жатқандығына тоқталды. Бәлки, – деді ол, – мен қателесермін. Бірақ ешбір түбірсіз, дәйексіз тарих жасалмайды. Тобыл өзенінің бойын ұзыннан-ұзақ сайлар алып жатыр. Осы сайлардың Қостан сайы мен Әбіл сайы дейтін бір-бір атаулары бар. Мүмкін Қостанай сөзінің шығуы да осында жатса керек деген жорамалды да алға тартамыз, – деді Аманжол Күзембаев Қостанай шаһарының тарихына жете үңіліп.
Ол одан әрі қаланың кешегі көз көрген тарихын да айта отырып, қала құрылысының мән-жайын да баяндады.
Көз тартар әсем ғимараттардың бүгінгі күні салынбай жатқандығына да тоқталды.
Тарихшы ғалымнан кейін сөз алған Ақылбек Шаяхмет өзінің қала тарихына қатысты ой-пікірін білдірді. – Мектеп оқушысы кезімде алғаш Қостанайға шахмат жарысына қатысушы ретінде келдім. Сол кезбен салыстырғанда қазіргі қаланың кейпі адам танымастай өзгеріп, жер көлемі кеңейді. Ал, Қостанай сөзінің шығу тарихын мен біраз тарихи аңыздарға жүгіне отырып жаздым. Соның бірі осыған дейінгі шыққан кітаптарымда жарияланды. Қазір сіздерге осы тарихқа қатысты поэтикалық пайымда жазған шығармамды оқып берейін. Осы жердегі орыс тілді оқырмандарға түсінікті болсын, – деп ол Евгений Букин орыс тіліне аударған өлеңіне кезек берді.
Бұл іс-шара содан соң сахналық көріністермен толыға түсті. Кітапхана қызметкерлері Лисаков қаласының тұрғыны Қапыш Наурызбаев ақсақалдың хатына сүйене отырып, Қостанай атауына байланысты пьесалық қойылым қойды.
Тағы да тарихқа қатысты айдармен кітапхананың байырғы оқырманы Гүлсім Ахметова сөз сөйлеп, өзінің пікірін айтты. – Мәдени мәжіліс өтіп жатқан кітапхана көшесі қазір Бородин көшесі аталатынын жақсы білесіздер. Кезінде Колчак әскері қаланы басып алғанда қызылдар азат ету үшін осы маңайда қиян-кескі ұрыс жүргізген. Бұл көше сол тарихи оқиғаға байланысты 19 август көшесі болған. Мұны біздің "Құрылысшы" мәдениет үйінің қабырғасына ілінген тақтадағы сөзден-ақ анық білуге болады. Мен келешек ұрпақ білсін деген ниетпен айтып отырмын, – деді қарт оқырман Гүлсім апай.
Келесі Қостанай туралы әндер айдарымен композиторлар Қалибек Деріпсалдин мен Геннадий Седовқа сөз бұйырды. – Өнер адамы ретінде біздің де Қостанай туралы жаз-ғандарымыз тарихқа енді. Әсілі, ақын өлең, поэма, тарихшы-ғалым тарихи өшпес еңбек қалдырса, біздер келер ұрпақ-қа шырқап жүрер мәңгілік ән қалдырдық. Қостанай туралы жазған алғаш әнім облыстық композиторлар байқауының Гран-при жүлдесін жеңіп алса, сол әнмен Башқұрт жерінде өткен Халықаралық ән байқауының лауреаты атандым. Бұл осы елдің суын ішіп, жауыны мен дауылын көргендіктен туған өзімнің композиторлық әсерім, – деді Қалибек Деріпсалдин ағынан жарылып.
Кітапхана қызметкерлерінің қала күні құрметіне ұйымдастырылған игі ісіне жиналған қауым дән риза болып, бір ауыздан "Өркендей бер, Қостанайым!" десіп, керемет әсермен тарасты.
Нұрболат
        МЕШІТБАЕВ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓