Қалалық аурухана қайта жаңғырды

IMG_1264цвЖаңартылған ғимаратқа көшірілген Қостанай қалалық ауруханасы науқастарды қабылдай бастады. Былтыр мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, барлық емделушілер облыстық ауруханаға көшірілген болатын. Енді, міне, жөндеу жұмысы аяқталып,  ақ халатты абзал жандар өздерінің үйреншікті орындарына қайта оралды.
Бас дәрігер С.Шүменбаевтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарына республика және облыс қазынасынан  450 млн. теңге бөлініпті.
– Жыл бойы ғимараттың ішіне ғана күрделі жөндеу жүргізіліп қойған жоқ, барлық инженерлік-коммуникациялық желілер де жаңартылды. Бұған қоса, біз ота жасайтын стол, күйік шалған науқастарға арналған керует сияқты  жаңа медициналық құрал-жабдықтарға да қол жеткізіп жатырмыз. Сондай-ақ, ғимараттың іші мен сыртына бейнебақылау орнатылды. Қазір науқастар көшіріліп жатыр, ал ауыр халдегі сырқаттар жедел-жәрдем көлігімен жеткізілуде. Бас-аяғы он күн ішінде көшіп боламыз, – дейді С.Шүменбаев. 
Іргетасы кеңестік дәуірде қаланған емдеу орыны жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа кейіпке еніп, науқастарға жайлы да жақсы, әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мол мүмкіндік алды. Бұған аурухана ұжымы да, емделушілер де дән риза. Денсаулық нысанындағы жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта ғимарат аумағында абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Қарлығаш
     ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: дәрігерлер жұмыс үстінде.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓