“Даңқ кітабы: Науырзымнан – Аманкелдіге
Ұлы Жеңістің алдағы мерейтойы жақындай түскен сайын жер-жердегі өтіп жатқан іс-шаралар жанданып келеді. Әсіресе соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлерінің және де сұрапыл соғыста елін жерін қорғап қаза тапқан батыр жауынгер боздақтарымыздың есімі жазылған "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" эстафетасы солардың алдыңғы қатарында.
Таяуда Науырзым ауданындағы Докучаев орта мектебінің акт залында осы эстафетаның мерекелік салтанаты болып өтті.

Аудан әкімі мен келген делегация құрамы алдымен аудан орталығындағы "Олар жеңіспен оралды" ескерткішіне келіп, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Содан кейін Докучаев орта мектебі алдында театрландырылған көріністі тамашалады. Бұл көрініс сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қиын қыстау кезеңді еске түсіріп жиылған қонақтардың жүрегін толғантты.
Содан кейін аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" бүгінгі эстафетаны Науырзым ауданынан Аманкелді ауданына табыстады. Салтанатты шарада соғысқа қатысқан ардагерлердің және Ұлы Отан соғысында тер төккен тыл еңбеккерлерінің үлесі мен соғыс кезіндегі хаттар жайында кеңінен баяндалды.
Т.Қосмағанбетов.
Науырзым ауданы.