Әр басқаның – бір тарих

 
Шымкент сапарынан алған әсер
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
сайт2
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымқала жайында мына бір айтқаны көптің есінде болар: «Құдай адамға өмірді бір-ақ рет береді, оны Шымкентте сүру керек». Қазақстанның үшінші мегаполисі бүгінгі таңда адам танымастай даму даңғылында. Миллионнан астам тұрғыны бар, ал агломерациямен қосқанда 2 миллион адамға жуықтайтын шаһардың әлеуметтік-экономикалық, сауда қатынастарының алға басуы былай тұрсын, көне Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тоғыз жолдың торабындағы шырайлы кент мәдени-рухани өмірдің қазығына айналғалы қашан.
сайт36
Бұл өңірге сапарлап келушілер саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Былтыр 270 мың адам келіп-кеткен екен. Биыл «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ресми атауын иемденіп, талай мәдени-бұқаралық шарасын әзірлеп отыр еді. Әттегенайы, елге келген мына бір індет көп сүйінші жаңалыққа тұсау болғаны. Сонда да өңір басшылығы рухани мұраның өрістеуін тоқтатпақ емес, 2025 жылға дейін жыл сайын саяхаттаушылар санын 1 миллионға жеткізуді жоспарлап қойған. Оған аймақтың тарихи-жағырапиялық орналасуы, бүгінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі зор ықпал етіп отыр. Енді Қазақстанның түкпір-түкпірінен FlyArystan авиакомпаниясының арзан ұшақтары ағылатын болса, саяхаттаудың әлеуеті бұдан да арта түсері анық.
сайт4
Қостанай және Павлодар облыстарының журналистері мен блогерлері күнгейдегі Шымқаланың өмірімен танысып келдік. Екі күндік сапарға FlyArystan әуе компаниясы мен Шымкент қаласының әкімдігі мұрындық болып отыр. Бірден айта кетейік, көрген-білгеніміздің бәрі көкейде сайрап тұрғанымен, оны қағаз бетіне түсірсек, газеттің толық бір нөмірінің аз болатын түрі бар. Әрі «мың естігеннен бір көрген артық», куә болғанымыздың бастыларын ғана тарқатайық, ал негізгілерін барып көруші – өзіңіздің құзырыңызға қалдырдық, қадірлі оқырман.
           
              Көне ордам – жаңа ордам
сайт28
Шымкент Қазақ жеріндегі ең ежелгі қалалардың бірі. Дәл қазір 2200 жылдан астам тарихы бар шаһардың байырғы келбеті – ескі қалашық қалпына келтіріліп жатыр. Қалың жұртшылық «Цитадель» атап кеткен бұл жерден сегізінші ғасырдан бергі тиындар, зеңбіректер мен оның оқтары, керамикалық ыдыстар, киімдер, тері бұйымдар, қолөнер заттары қатарлы тарихи жәдігерлер табылыпты. Сол себепті, осы орында қайта жаңғырту жобасы қызу жүріп жатыр. Ауқымды құрылыс жұмыстары аяқталып жатса, қаланың дәл орталығындағы көне қалашық туристер ағылып келетін көрікті орынға айналмақ. Қазірдің өзінде бұл жерді тамашалауға келетіндер қатары аз емес.
  сайт33        
– Қарахан дәуірінің үлгісімен бой көтеріп жатқан сегіз жарым гектар аумақта шахристан, амфитеатр, дарбаза, қамалдар салынып, сырты биік дуалмен қоршалмақ. Дуал қабырғасына зеңбіректердің мүсіндері қойылады. Солтүстік бөлікті ежелгі қолөнершілердің кіші қалашығына айналдырамыз деген жоспарымыз бар. Ал шығыс бөліктегі археологиялық қазбалар 2023 жылға дейін жалғаса береді. Тек былтыр археологиялық қазба кезінде төрт мыңға жуық бұйым табылып отыр. Алдағы қыркүйек айында кешеннің құрылыс жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, – деді жоба ұйымдастырушысы Диляра Сейітнұрова.
           сайт30
           
            Сайрамда бар сансыз баб…
Рас, ақсақалдар бата берерде «Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, бабтардың бабы Арыстан баб, ең үлкені Хален баб» деуі бекер емес. Ақсу өзенінің бойында орналасқан Сайрам – Аққала, яғни, шейхтар тұрған қала саналыпты. Ертедегі құймақұлақтардан жеткен әңгімеде Испиджаб болып кездеседі. Бұған дейін Шымкент қаласынан шығысқа қарай он шақырым жердегі Сайрам қазір мегаполистің құрамында. Кезінде Испаджабтың төрт қақпасы болғаны тарихтан белгілі. Төрт жолды түйістіретін «Сайрам қиылысы» нағыз өткеніміздің куәсі. Ал бағзыдағы базарының тарихы үш жарым мың жылдан асады! Ең тәтті жемістер мен дәмді көкөністер мыңдаған жылдар бойы осы өңірде өсіріліп, көне сауда орнынан сегіз шартарапқа тарап жатады екен.
сайт5
Көне Сайрам Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі қалалардың бірі ғана емес, будда, христиандық, зороастрлық және мұсылмандықтың тоғысқан орталығы болған. Қала мұсылмандықтың  түркі жеріне ене бастаған кезінде осы әлемдік діннің бірі болып табылатын исламның тірегіне айналды. Архелогиялық қазбалар барысында бұл өлкеден соғды тілінде жазылған қасиетті Құранның парақтары, тіпті, киелі Таурат кітабынан үзінділер де табылыпты. Бұл жәдігерлер қазір мұражайда сақтаулы. Бұдан бөлек, жер астынан шығып жатқан ескі теңгелер, ыдыс-аяқ, басқа да тұрмыста қолданған заттардың легі аз емес. Пайғамбарлар ізі қалған, әулиелер мекендеген, бабтар ілім таратқан орданың әр тасына дейін тарихтан сөйлеп жатыр.
сайт1111111111
сайт2222222
Осындай шейх атанған бабалардың бірі Ибраһим ата – қазақ жерінде Ислам дініндегі сопылық ілімді таратушы атақты Қожа Ахмет Иасауидің әкесі. Сайрамға келген саяхатшылар алдымен Ибраһим ата кесенесіне келіп зиярат жасайтыны да бекер емес. Төбенің етегіне қарай орналасқан мавзолейге келетін адам аяғы толастап жатқан жоқ. Тіпті, пандемия уақытында да лек-легімен ағылған үлкен-кішінің қатары көп. Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар да Алладан медет сұрап, Ибраһим ата басында қолдарын жайып жатыр. Алғаш ХІІ-ХІV ғасырлар аралығында салынған кесене талай қырғын мен табиғи апаттарға ұшырағанмен, кейінгі ұрпақ оны қайтадан көтеріпті. Сәулетті нысанның айналасына ағаштар егілген, сырты дуалмен қоршалып, абаттандырылған, кіреберісіне шырақшының үйі салыныпты. Тіпті, барғандардың өне бойының таза болмағы үшін дәрет алып, жуынатын орын да соғып тастаған. Ибраһим ата жатқан төбенің басынан аяғына дейін сол әулеттен тараған ұрпақтардың бейіттері бар. Ал кесененің алдынан өтетін жолдың қарама-қарсы бетінде шейхтің есімі берілген жасыл күмбезді мешіт тұр.
Әріректе күллі Алашқа мәлім Мәртөбе – Тәуке ханның үш жүздің басын қосып, «Жеті жарғы» заңдар жинағына алғашқы мөрін басқан киелі орын. Елбасы Шымкентке келген әр сапарында осы Мәртөбеге соқпай кетпейді екен.
сайт44
Сайрамның орталығындағы Әзірет Сұлтанның анасы Қарашаш (Айша) ана кесенесі де көп зияратшылар келетін киелі орынның бірі. Бір қызығы, күйдірілген кірпіштен соғылған зираттың кірер есігі әжептәуір тапал, келушілер әз-анаға басын иіп сәлем бере кіретінін білдіріп тұр. Әсіресе, жаңа түскен келіндер бұл орынға жиі соғады, Жаратушыдан Иасауидей иманды ұрпақ бере гөр деп тілейтіні хақ. Қарашаш ана өсиеті бойынша өзінің төркін жұртына апарылып жерленген екен, бұл маңда да туыстарының бейіттері жатыр.
WhatsApp Image 2020-08-22 at 01.30.22
Сайрамдағы ең ерте исламдық ескерткіштердің бірі Ыдырыс пайғамбар мешітінің тас ұстыны. Өткен ғасырда мешіт қиратылғанмен, оның ұстыны қазіргі уақытта Сайрам ауылы музейінің алдында тұр. Петербордағы Эрмитажда да осы Сайрамнан алынған тағы бір ұстын бар екен.
сайт9
Ал біз көзімізбен көрген тағы бір тарихи жәдігер – Хызыр пайғамбар мұнарасы. Күйдірілген кірпіштен соғылған нысанның бастапқы кездегі биіктігі он метрден асса да, кейін жер сілкінісі мен табиғи құбылыстардың салдарынан біраз мүжіліпті. Қазір шамамен бес метрдей болады.
сайт12
Мұнараның жоғарғы бөлігі жан-жаққа қарайтын терезелі болып өрнектеліп қаланған. Оған айналмалы баспалдақпен көтерілесіз. Бір ерекшелігі, Хызыр мұнарасының мешіттен алшақ орналасуы сирек кездесетін жайт. Әріректе ғибадат үйі, ұстаздар баспанасы орнының табаны жатыр. Мешіт сыртында ескі қорымның орны бар.
сайт45сайт10
           
            Әрі баспана, әрі шеберхана
Шымкенттегі Қазақстан қолөнершілер одағының «Алтын Орда» Бейісбековтер отбасылық көркемсурет галереясын күнгейдегі жұртшылық тегіс біледі. Бір үйдің жеті бірдей адамы ұлттық қолөнерімізді кәсіп етіп, алыс-жақын елдерге паш етіп келеді. 700 шаршы метр аумақты алатын ғимарат – әулеттің әрі баспанасы, әрі шеберханасы, әрі оқыту орны. Дуал қақпасының бір жағынан кірсеңіз, отанасы қызы және немерелерімен қосылып киізден алаша, текемет басып, тұскиіз тоқып, сурет салып отыр. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады екен.
сайт18
Ар жағындағы шағын шеберханада әулеттің атұстары қайыс тіліп, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан. Саяхатшыларға қазақтың ұмыт қалған өнерін үйрете береді. Сондай-ақ киіз басып, киім шығарады. Табиғи өнімнен жасалған сырт киімдер мен үйде киетін аяқ киімдер, тері әмиян, сөмкелер, күмістелген сәндік және кемер белбеу, бас киімнің түрі, күміс әшекейлер, ағаш, қыштан жасалған бұйымдарға сұраныс та артып отыр. Шиден сурет салуды көруіміз алғаш шығар. Мүсіндер көздің жауын алады. Отағасы Болатбек Бейісбеков пен жары Мәдинаның қырық жылдан бергі кәсібі бұл.
            сайт17
Музейге айналған бұл этнографиялық ғимаратта ұлттық өнерімізге қатысты не жоқ дейсіз. Екінші қабаты көркемсурет галереясы да, төменгі қабатында ұлттық бұйымдар дүкені. Кірсең шыққысыз бұл кешеннің тағы бір ерекше көрінісі – «Алтын Орда» аталатын күмбезді мәжіліс залы. Бұл жер жастар бас қосып, баба өнерімізге қатысты тәлімді әңгіме-жиын құратын «Күлтөбесі» екен. Келешекте Болатбек мырзаның сырты кірпіш дуалмен қоршалған киіз үй пошымды сарай соқпақ ойы бар. Оның макеті де дайын тұр.
           
            Жер астындағы құпия           
Теледидардан, газет беттерінен немесе ғаламтор бетінен «бәленше өзін пайғамбар санап жүр», «түгеншеге әруақ қонған», тағы біреуі «әулие-көріпкел болыпты» дейтін әңгімелерді жиі шалып қалатынымыз бар. Олар сөзінің басын «аталарым аян бердімен» бастайтыны бар. 
сайт41          
Дегенмен бұл жолы Шымқалада бабаларынан аян түскен өнертанушы, академик, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші, сан түрлі аспапты игерген Кендебай Қарабдаловтың тірлігі мүлдем басқа. Сенесіз бе, бұл кісі өз үйінің аумағынан жерасты қылуетін қазып тастапты. Тереңдігі жеті метр. Төменге түскен сайын бөлмелер болып тарап кете береді. Әр бөлменің өз атауы бар әрі олардың барлығы ортағасырлық үлгіде қазылып жасалған. Сол дәуірдің май шамдары қойылып, кілемшелері төселген.               сайт23
– 2006 жылы жер астындағы ғимараттардың орнын түсімде көрдім. Бабалар аян берді. Сосын қолыма күрек алып, қылуетті қазуға кірісіп кеттім. Бар-жоғы тоғыз айда осы жерасты нысанын қазып шықтым. Енді міне, саяхатшылар жер астында өз атаулары бар әрбір бөлмеге кіреді. Онда ақиқат призмасынан өтеді. Махаббат (Аллаға деген махаббат) жазығында оңаша сырласады. Қылуетте қырық күн бойы жатып шығыңызшы – рухани тазарып, бойыңыз сергіп кетесіз, – дейді мұраның иегері.           
сайт22
Кендебай ақсақал экскурсия соңында сапаршыларды шеберханаға жинап, шеберлік сағатын өткізеді екен. Алдымен ұлы әрі шәкірті саз балшықтан құмыраның қалай жасалатынын көрсетті. Әп-сәтте көне бұйымның біреуін дайындап шыға келді.
сайт3333333
Ал Кендекең өмір жайлы, ақиқат жайлы, діндер жайлы философиялық ойынан біраз ортаға салып болып, қолына әлем халықтарының бірқатар музыкалық аспаптарын қолына алды – сыбызғының бірнеше түрі, сырнай, даңғыра, сазсырнай, домбыра, қобыз, тибет кесесі, тіпті, электр гитараға дейін бар. Барлық аспапта күй, әннің үзінділерін орындап шыққан бесаспап ақсақал бізбен бірге жүрген павлодарлық тілшіге «Зачем мне Мона Лиза, когда рядом красавица Ольга» дегенге келтіріп екі шумақ өлең арнап тастамасы бар ма!
         сайт42  
Ал өзімнің жаныма жақын қобызды көрген мен тыныш отырамын ба:
            – Қобызыңызды ұстауға рұқсат па? – дедім.
            -Сен бұл қобызды ұстайтындай кемеріңе жеткен жоқсың, қасиетті аспап, киесі ұрады!
            Жалпы, көп адамдардан еститін жауабым бұл.
            – Аға-ау, осы ағаштан неге қорқасыздар соншама кие тұтып? – дегенім сол еді, Кендекең бағанағы өзі ойнаған даңғыраның таяғын алды да, арқамнан бір ұрып:
            – Ауырды ма? – деді.
            – Ауырды…
            – Ауырса, демек ағашта қасиет бар…           
Мен болсам «темірмен ұрсаң да, сүйекпен ұрсаң да ауырады емес пе, сонда ұрған сайын ауыртатын заттың бәрі қасиетті ме» деп айта жаздап барып тоқтадым…
сайт 112233
           
            «Сандықта» сақталған өркениет           
сайт 4545
«Сандық» деп отырғанымыз – шырайлы шаһардағы тек көшпелілер дәуіріне тән тағамдарды әзірлейтін мейрамхана. Ғимараттың кіреберіс оюлы есіктерінен меймандар отыратын залына дейін ұлттық реңк беріп тұр. Ортағасырлық тоқыма кілемдер, көрпе-жастықтар, домбыралар, ең бастысы сандық – мейрамхананың негізгі атрибуттары. Даяшы қыз-жігіттеріне дейін «Жаужүрек мың бала» фильмінің үлгісіндегі киімдер киіп алған. Екінші қабатындағы кабинкалардың әрқайсысының өз атаулары бар. Соның бірі – белгілі батыр, күйші, ақынның есімімен (ұлы тұлғаның есімі құпия қалсын) аталады. Егер келген клиенттер арасынан сол бабамыздың күйлерінің бірін домбырада орындап берген адамға қомақты жеңілдік бар. Жалпы, «Сандықтың» ас мәзірі де өте қымбат емес.           
сайт34
Мейрамхананың тағы бір ерекшелігі – аспаздары көне заманның тағамдарын көз алдыңызда әзірлеп беретіні. Бұндай көріністі теледидар арқылы қытай, корей, жапон асханаларынан ғана көргеніміз бар ғой, сондықтан мынауыңыз таңсық дүние екен. Аспаз жігіттер әп-сәтте номад көже, төңкерме, үлпершек, борша ет тағамдарын пісіріп, алдымызға тартып жатыр.
           
            Асқаров еккен ағаш           
сайт39
1978 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келген Асанбай Асқаров қаладағы қоқыс полигонының орнын дендрологиялық саябаққа айналдыруды Шымкенттің бас жоспарына енгізеді. Бір жылдан соң бірінші басшы сол орынға алғаш болып шынар ағашын отырғызған екен. Теңдесі жоқ саябақтың өркен жайып, өріс алуы осыдан басталыпты. Екі жыл бұрын саябақ өзі негізін қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімін иеленіп отыр.           
сайт38
Кеңес одағының әр түкпірінен әкелінген 560 түрлі ағаш көшеттері бүгінгі күні мәуелі бәйтерекке айналған. 120 гектар аумақта сирек кездесетін 100 мың ағаш бар. Аң-құстар да бұл аумақты мекендеп қалған. Ортасын кесіп жатқан су тоғаны бар, іші толған балық. Үстіне көпір салынған. Нағыз тыныштықты, тұма табиғатты аңсаған адам сыртқа шықпай-ақ, орманы жайқалған осы жерге келіп демалуына болады. Бұл саябақта Елбасы Н.Назарбаевтан бастап, алыс-жақын мемлекеттер басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлі көшеттер отырғызу мәртебесіне ие болған. Бір әттегенайы, даңқты жерлесіміз, ҚР ҰҒА президенті болған Өмірзақ Сұлтанғазин 1993 жылы отырғызған алып ағаш түбірінен кесіліп алыныпты. Себебін біле алмадық…           
Ал саябаққа кіру құнын айтсам, күлерсіз – небары 27 теңге!     
           
            Бәрін көріп үлгере алсаңыз…               
сайт 2546
Сонымен, Қазығұрт пен Қаратау, Қоржынтаудың ортасында кең көсіліп жатқан шырайлы шаһарда өткен екі күн де көзді ашып-жұмғанша артта қалды. «Қазына» этнографиялық паркіндегі төбе басында орнатылған биіктігі 23 метр Бәйдібек ханның ескерткіші, «Наурыз» алаңы мен ондағы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, тарихи-өлкетану мұражайы, парашютшілерді қысқа мерзімде даярлайтын әскери-патриоттық клубтан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, уақыттың тапшылығы, әйтпесе, басқан қадамыңнан тарихтың ізі қалатын-ақ мекен екен. Қалай дегенмен де біздің жақтың күнгей өңірден аларымыз көп екен, соған көз жеткіздік. Айтпақшы, келген туристер үшін шаһар жайында барлық мағлұматтар қамтылған 7 ақпараттық киоскі жұмыс істейді. 32 жерде QR-кодты ақпараттық стела-тақтайшалар бар.           
сайт6
Сапарымыздың барысында жол бастап жүрген тарихшы, Қазақстан мен Орта Азия бойынша туристер гиді Ислам Қалани, Шымкент қалалық Отырар кітапханасының қызметкері, экскурсия гиді Гаухар Медеуова әрбір киелі нысанның тарихын тереңнен баяндап беріп отырды. Ал Шымкент қалалық туризм басқармасының мамандары Жанар, Мамура, Айгүл және фотограф Бауыржан есімді қыз-жігіттер маңайымыздан бір елі ұзаған жоқ.           
сайт43
Мамура дегеннен шығады, осы бір өзбектің қызы екі жылдан астам бұрын мемлекеттік қызметке келген кезде қазақ тіліне шорқақ едім дейді. Қазір ана тілімізде сөйлегенде қамшы салдырмайды. Бұл да біздің өңірдегі қызмет бабына тілі сынбай келген жас мамандарға жұғысты болғай деген оймен Қостанайыма оралдым.     
 
            Қостанай-Шымкент-Қостанай.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓