Жаңа маусымның жаңалығы көп
Бүгін облыстық телеарна ғимаратында жаңа телемаусымның таныстырылымы өтті. Басқосуға басқарма басшылары, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер, редакторлар қатысты. «Қазақстан Қостанай» арнасы кіретін «Қазақстан РТРК» АҚ құрамындағы барлық арналардың ребредингі өзгереді. Яғни, арнаның келбеті, логотипі жаңғырады. Тәуелсіздік бері «Қазақстан РТРК» АҚ ребредингі 5 рет өзгерген. 2014-2017-ші жылғы соңғы нұсқасында Мемлекеттік ту мен күннің элементтері бар суреттің үстінде арнаның атауы тұратын еді. Ендігі ерекшелік сол – арнаның атауы латын әріптерімен таңбаланады. Ал ашық күн мен Тудың белгілері бар доғаланып иілген сурет сол жазудан кейін орналастырылады. Бұдан былай «Қазақстан» облыстық филиалдар атауына қосылып жазылмайтын болады. Бәрімізге белгілі «Қазақстан – Қостанай» «QOSTANAҮ» болып өзгертілді. Бүгінгі басқосуға қатысқан қауымның басым көпшілігі арнаның атауы латын әрпімен таңбалануын қызу қолдады. Эфирге шыққалы отырған жаңа жобалармен танысып, мазмұны мен маңызына өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, арнада болуы керек деп есептейтін тақырыптарды сөз етіп, өз ұсыныс-пікірлерін айтқандар да табылды.Жалпы, «QOSTANAҮ» арнасының ұжымы толғауы тоқсан тірліктің барлық саласын қамтуға тырысады. Көпшілікті аймақтың күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, облыстың әрбір тұрғынын мазалаған мәселені назардан тыс қалдырмау – облыстық телеарна жұмысындағы басты міндеттердің бірі. Жаңа маусымда арна көрермендеріне қоғамдық қажеттіліктен туындаған тың жобалар жол тартады. Біз де мүддесі ортақ әріптесі ретінде телеарнаның бастамасына береке, еңбектеріне жеміс тілейміз!Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.