Бәссауданың берері мол
Қарасу ауданында асыл тұқымды мал жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұндай бәссауда осымен бесінші рет өтіп отыр. Биылғы аукционға еліміздің төрт облысынан 20-ға тарта қатысушы келді. Сатылымға асыл тұқымды алпыс бұқа шығарылды. 16-18 айлық тайыншалардың бастапқы бағасы жарты млн теңге шамалас.
Жалпы, «Қараман» ЖШС 1998 жылы құрылды. Сол жылы 100 бас сиырдан бастаған еді. Мамандар өнімділікті арттыру үшін алдымен табынның сапасын көтеруге ден қойды. Көп ұзамай асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін иеленді. Қазір мұнда бордақыдағы бұқаларды қосқанда, он мың бас ірі-қара бар. Мұнымен де шектелмек емес. Себебі мемлекеттің қолдауы мықты.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлініп жатқан субсидияға қолымыз жетіп жүр. Демеуқаржы сиыр мен бұзауға беріледі. Бұл өте жақсы көмек. Сондықтан, біз тек мал басын көбейте береміз, – дейді шаруашылық басшысы Серік Қажиев.
Фермада жергілікті «Әулиекөл» тұқымы мен «Қазақтың ақ бас сиыры» бағылады. Өйткені бұл тұқым төзімді, жем-шөп талғамайды, 18 айда орта есеппен 450 келі ет береді. Шаруашылық жыл сайын мыңға тарта қашар-бұқа саудалайды. Сатылған төлдің негізінде елімізде жаңа шаруашылықтар қатары артқан.
Әлібек ЫБЫРАЙ