«Жаңа Қазақстанның» жарқын жолдары
Арқалық қаласы әкімдігінің мәжіліс залында мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын түсіндіру бойынша облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен онлайн режимінде өткен қала активінің жиналысы жалғасын тапты.
Актив отырысын қала әкімі Әмірхан Асанов ашып, жүргізіп отырды. Президент Жолдауын талқылауға арналған актив отырысына мәслихат хатшысы, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы «Жаңа Қазастан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы қоғамның көңілінен шыққан жаңа Қазақстан дамуының алғашқы қадамы болды деуге толық негіз бар.
Елімізді жаңғыртуға арналған бұл реформалар біздің жұмысымыздың тиімділігін бағалайды. Жолдауда айтылған он бағыт бойынша жұмыстар өзектілігін көрсетіп отыр. Жолдауда айтылған маңызды басымдықтар билікпен қоғам арасындағы диалогты қалыптастырудың негізі болмақ. Президент өкілеттілігінің кейбір құзіретін Парламентке беру, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, құқық қорғау институттарын күшейту, БАҚ – тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар алдағы жұмысымыздың басым бағыттары болмақ», – деді Әмірхан Біркенұлы.
Активтің күн тәртібінде «Жолдау міндеттеген басымдықтар» туралы қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, «Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар" тақырыбында облыстық мәслихат депутаты, «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов, «Сайлау жүйесін жетілдіру және жаңғырту» тақырыбында қалалық Сайлау комиссиясының төрағасы Арыстан Айтмағамбетов, «Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында қалалық мәслихат депутаты Айткүл Бекентай жарыссөзге шықты.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Әмірхан Асанов Президент Жолдауының тарихи маңызының салмақты екенін алға тартты.
«Мемлекет құрылымының жаңа кезеңі бастау алды деп айтуға болады. Жергілікті өзін – өзі басқару жүйесін дамыту бағытында жасалған батыл қадамдар, мәслихат құзіретін арттыру жолындағы бастамалар жергілікті жердегі мәселелерді шешуде тиімділігін көрсетеді. Жаңа Қазақстан құру жолында алдымызда атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар тұр. Президент Жолдау арқылы бізге сенім артып, әрқайсымызға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Аталған Жолдауды халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыруымыз қажет», – деді Әмірхан Біркенұлы.
ШаҺар басшысы орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына: мекемелерде, ұжымдарда, азаматтық қоғам өкілдерімен және әлеуметтік желілер, БАҚ арқылы жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор