Жастық шақтың шаттығы
Мереке жұма күні бастау алып, сенбі күн аяқталды. Алдын ала жоспар бойынша қызықты шаралар әр жерлерде ұйымдастырылып жатты. Бірінші күні актерлік шеберліктен, хореграфиядан, ән мен спорттық жарыстардан түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Жастар өз бағыттарына қарай бұл шараларға қатысып, бақ сынады. Білмегендерін үйреніп, шыңдала түсті. Ал мерекенің ең қызықты әрі маңызды шағы сенбі күні болды.
Бұл күні “Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жағажайы” жастарға лық толды. Амфитеатрда концерт қойылды. Күннің жауынына қарамаған жастар көңіл көтеріп, бір-бірін мерекемен құттықтап жатты. Биыл да түрлі-түсті ұнтақтар фестивалі өз жалауын көтерді. Сан түрлі ұнтақтарды бір біріне шашып, ойын қуған жастардың езулері бір жиылмады.
Гала концертте облысымызға белгілі әншілер ән айтып, шашу шашты. Облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов бүгінгі мерекемен барша жиналғандарды құттықтады.-Қазіргі кезде қоғамда жастардың алар орны жоғары. Біздің облысымызда 18 мың жас оқу орындарында білім алады. “Серпін 2050” бағдарламасы бойынша өзге облыстардан келіп жатқан да жастар баршылық. Биылғы жылы ЭКСПО көрмесіне біздің облыстан 100 студент ерікті ретінде барып, өздерін жақсы қырынан танытты. Бүгін мен барша белсенді жастарымызға алғысымды білдіргім келеді, – дей келе облыстың ең белсенді жастарын марапаттады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген А. ЖҮЗБАЙ.