Жаңа кен орны анықталды
Қазақстан және Австралия тау-кен өндіру компанияларының бірлескен жобасы өз нәтижесін берді. Яғни тыңғылықты зерттеудің арқасында облыс аумағында титан-цирконий кені табылды. Әзірге бұрғылау әдісі арқылы оның көлемі нақтыланып жатыр. Жалпы, бірлескен компания Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында 50 мың шаршы шақырым жерді зерттеп шықпақ.
Айтпақшы, алғашқы бұрғылау нәтижесі Әулиекөл ауданының аумағында титан-цирконий металы бар екенін көрсетіп отыр.
«Қазгеология» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қадыржан Қауылдашевтың айтуына қарағанда, нәтижесі бар учаскелерді қалдырып, биылғы жылдың аяғына дейін пайдалану картасына қойылуы мүмкін. Австралиялық компания кен орнына байыту, қорыту зауытын салады.
Шетелдік инвестор геологиялық барлау жұмыстарына 4 млн Австралия долларын салды. Бұл компания сыртқы әсерге, жоғары температураға төзімді цирконий бағалы металын өндіруден әлемде бірінші орын алады.
Тобыл өңірінде бұрғылау жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Жобаны 2018 жылға дейін толық іске асыру көзделген. Яғни жақын араларда титан-цирконийдің қай жерде, қанша қоры бар екендігін анық білетін боламыз.
Әлібек ЫБЫРАЙ