Табыс биігінен көрінді
Ұзынкөл ауданы – өткен жылды табысты аяқтаған өңірлердің бірі. Аудан былтыр 22,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Соның 18,2 млрд теңгесі егін шаруашылығына тиесілі. Мал шаруашылығындағы табысы 4,4 млрд теңгеге тең. Бұл туралы журналистермен өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатында аудан әкімі Қайрат Әбішев айтты.
– Ауданда 33 ЖШС, 170-тей шаруа қожалығы, 8 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Жоғарыда айтылған табыс көлемі осы ауыл шаруашылығы құрылымдарына байланысты, – деді Қ.Әбішев. – Жылдан-жылға өнім өндіру көлемі артып келеді. Ол, бірінші кезекте, жерді әртараптандыру шараларының арқасы. Мәселен, 2018 жылы 429,9 мың тонна дәнді дақылдар жиналған. Бұл есепті жылдағы өсімнің 1,4%-ке артқанын білдіреді. Мұның сыртында 24,0 мың тонна майлы дақылды қамбаға құйып алдық. Көрсеткіш – 66,7%.
Өңір басшысының айтуынша, ауданда 15,2 мың қара мал, 19,1 қой мен ешкі, 10 мың талпақ танау, 5,5 мың жылқы, 261,7 мың құс өсіріледі. Бұл арада түлік саны жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады. Тек, құс 5,4%-ке төмендеген.
Жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған септігі орасан. Мәселен, ұзынкөлдік шаруалар өткен жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 155 қой, 5 қара мал сатып алған. "Бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады" дейді аудан басшысы. Яғни, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 182 қара мал, «Алтын асық» бағдарламасымен 600 қой сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 800 ірі қараға арналған мал бордақылайтын алаң іске қосылмақ. Осы арқылы өңір ет экспортын ұлғайта түсуді көздейді.
2019 жылы ауданда индустрияландыру картасынан тыс төрт жоба жүзеге асатын болады. Мәселен, «Тойсай» ЖШС 100 қара малға арнаған сүт-тауарлы фермасын іске қосып, бес жұмыс орнын ашуды жоспарлапты. Ал Абай ауылындағы «Қаратал» жеке шаруашылығы балық өңдейтін цех ашпақ. Ауданда дәл осындай іргелі жобалар жетерлік. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің де қатары жыл сайын артып келеді.
Өткен жылы ауданға Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан тәрізді өрт облыстан жеті отбасы көшіп келді. Яғни, аудан халқы сырттан қоныстанғандар есебінен тағы қырық адаммен толыққан. Олардың барлығына мемлекет тарапынан бір реттік жәрдемақы төленіп, үй-жаймен қамтамасыз етілді. Ал үй иелері жұмысқа орналасқан. Ауданда кейбір сала мамандары жетіспейді. Мәселен, терапевт, онколог сияқты жоғары білімді алты дәрігер қажет. Мұны жергілікті атқарушы билік сырттан қоныстанғандар және жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандар есебінен шешуге мүдделі.
Аудан басшылары есепті кезеңде жиырма жеті тұрмысы төмен отбасыға отын су түсіріп берген, екі жүзден астам отбасыға азық-түлік үлестірілген. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде мектеп жасындағы жүз жиырма балаға оқу құралдары, киім-кешек әперген.Бұл жұмыстар биыл да сәтті жалғасын тауыпты. Жыл басынан бері көп балалы отбасыларға да осындай жәрдем көрсетіліпті. Оның арасында оңтүстік облыстардавн қоныс аударғандарға да атқарушы билік нақты көмек көрсетіп отыр. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, Ұзынкөл өңірінде баспанаға мұқтаж бір де бір отбасы жоқ көрінеді. "Көмек сұрап келгендерге әрдайым есігіміз ашық" дейді. Әсіресе, жұмыспен қамту мәселесі өңірде оң шешімін тапқан. Жергілікті тауар өндірушілер жұмысшылардың жалақысын көтерген. "Осы арқылы өнім өңдеуші кәсіпорындар мен шаруашылықтардың еңбек өнімділігі арттырмақпыз" дейді аудан басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.