Жұлдыздар жамыраған түн
Тамылжыған тамыз айының алғашқы күні. Кешегідей емес, даладан нағыз жаз айының майда лебі еседі. Сарыкөлдің аспанында шөкімдей бұлт жоқ.
Жаңадан бой көтерген "Батыр" стадионының іші-сырты әрлі-берлі жөңкілген адамнан аяқ алып жүргісіз. Спорт кешенінің алдында алқа-қотан қонған ақшаңқан киіз үйлер, анадайдан мұрынды қытықтаған кәуап пен маңайды буалдырға айналдырған ақшулан түтін иісі көптен күткен мерекенің басталғанын паш еткендей.
Сарыкөлдіктер облыстық деңгейдегі кішігірім олимпиадаға жыл бойы әзірленді. Нәтижесі керемет! Аудан орталығындағы мәдениет ошағы мен аграрлық колледжіне бір бүйірлей салынған жаңа стадионның құрылысына 200 млн. теңгедей жұмсалды дейді білетіндер. Жарыс өткізілетін алаңдар тегіс заман талабына сай – жасанды шөп, жүгіру алаңдарына төселген жұмсақ төсеніш жұрттың назарын бірден өзіне аударары сөзсіз.
XXIX-ші "Тың" – 2014" облыстық жазғы спартакиадасы Сарыкөлде 31 шілде күні басталды. Дәл сол күні боксшылар қолғап түйістірді. Ал негізгі спорт шаралары 1 тамызға белгіленген. Ертеңгісін спорттық жарыстардың беташарын аудан және қала әкімдері бастап берді. Олар нысана көздеуден өзара жарысты.
Өйткені, өңір басшыларының алған ұпайлары да жалпы командалық есепке жазылады.
Мылтық атуға да аса ептілік қажет. Неге десеңіз, он бес метрлік қашықтағы жүз теңгенің көлеміндей нысанаға дәл тигізу – құралайды көзге атқан мерген болмасаңыз, қиын шаруа. Күн қақ төбеге көтерілген тұста облыс әкімі Н.Садуақасов жанына аудан, қала басшыларын ертіп, стадионды аралады. Ол әдетінше спорт алаңдарының сапасын бақылап, ізінше гір тасын көтеруден жарысқан сом білекті жігіттердің жанына келді.
– 24 келі тартатын гірді 170 рет көтерген спортшы ғана рекорд жаңарта алады, – деп хабарлады бас төреші. Бірақ ешкімнің күші жеткен жоқ. 32 келілік гір тасын ең көп көтерген федоровтық Тимур Курбановтың қолын қысып, құттықтады да, өзі де бағын сынап көруге бел буды. Тек, мылтық атудан. Облыс әкімінің әрбір шалт қимылы фотокамералар мен телеоператорлардың жіті назарында. Ол өзіне берілген бес мүмкіндіктен жиырма екі ұпай олжалады.
Биылғы облыстық спартакиада спорттың футбол, волейбол,баскетбол, жеңіл атлетика, гір көтеру, аударыспақ, көкпар, күрес тәрізді он бес түрін қамтыды. Волейболдан төрт команда өзара күш сынасты. Алаң иелері жітіқаралықтардан басым түссе, Арқалықтық волейболшылар облыс орталығының командасын ұтты. Енді Сарыкөл мен Қостанай бірінші орынды сарапқа салады.
Жеңілатлетикалық жарыстардың маңында жүргенбіз. 100,400 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру тәрізді, ядро лақтыру тәрізді сайыстардың көрігі қызған тұс. Дәл менің жаныма желаяқ қыз келіп дамылдады. Ентігін баса алмай тұр. Бұл қарасулық Елена Морозова. Жаңа ғана жүз метрлік қашықтықты 12,7 секундта кесіп өтті.
– Меніңше жаман көрсеткіш емес сияқты. Әйтеуір жүлделі орындардан көрінерім анық, дейді спортшы, – әлгінде ғана ұзындыққа секіруден де бірінші орын алдым.
Қуанышында шек жоқ. Бұл жазғы палиатлоннан әлемнің абсолюттік чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Е.Морозованың осыменен облыстық спартакиададағы төртінші жеңісі.
Бір жақсысы, жарыс біткен спорт кешенінің маңайындағы нысандарда өтіп жатыр. Алысқа ұзаудың қажеті шамалы. Тіпті, ұлттық ат спорты ойындары да стадионның дәл іргесінде. Онда да бір қауым ел. Жұрттың біраз бөлігі күрестің маңында. Осы арада Науырзым аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Жабағинмен сөйлесіп тұрғанмын.
– Жаңа ғана қазақ күресінен 60 келі салмақта кілемге шыққан Медет Кәмиев финалда қостанайлық Сержан Теміржановқа есе жіберіп алды. Бірақ, екінші орынды да олқысынбаймын. Ендігі үмітім еркін күрестен сынға түсетін Нұрболат Серікбаев пен Наурызбек Молдарахметовте. Қыздар күресінде Гүлжәзира Амантай да сенімді ақтауға тиіс,-дейді Ерболат.
Жанкелдин ауданы да басқасы басқа, дәл күресте ешкімге есе жібермейді. Алғашқы белдесулерде олардың үш бірдей палуаны қола жүлдегер атанды. "Сағындық Әшімов (60 келі), Олжас Еркінов (70 келі) және Сағадат Қайырбековтерге (80 келі) сәл ғана сәттілік жетіспеді",-деп ағынан ақтарылды Жанкелдин ауданы құрамасының өкілі Қызылбай Әділбеков.
Төрт күн бойғы жарыстың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған Қостанай қаласының командасы кезекті рет облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанды. Қалалар арасында Рудный екінші орынды иеленсе, Лисаковтық спортшылар үздік үштікті түйіндеді. Ал аудандар арасында Жітіқараға тең келер қарсылас табылмады. Жүлделі екінші орынды Қостанай ауданы жеңіп алды. Үшінші орын алаң иелері – Сарыкөл ауданына бұйырды. |
– Біздің елден талай мықты палауандар шықты емес пе?! Бәрі жан-жаққа кетіп-кетіп қалды. Қазір қазақ күресінде Арқалық пен Қостанайдың палуандары ешкімге дес берер емес, – дейді әңгіме арасында байырғы спорт ардагері Ербатыр Рахатов.
Кешкі сағат 22.00. Сарыкөлдегі орталық стадион көрермендерге лық толы. Тіпті, тізе бүгетін орын тимей, бірін-бірі итерген жұрт алдыға қарай ентелей түседі. Бәрінің де мына бір ғажайып көріністерді жақыннан көргісі келеді.Естуімізше, бұл жолғы спорт мерекесін тамашалауға алыс-жақыннан 3 мыңнан астам адам жиналыпты. Оған облыстың әр аудан, қалаларынан келген екі жарым мың спортшыны қосыңыз. Сарыкөлдің өз басында 10 мың жан басы тұрады. Соның кем дегенде, тең жартысына жуығы келді десек, облыстық спартакиаданың ашылу салтанатына бір мезетте он мыңға тарта адам жиналғанын есептеу қиын емес.
Сонымен, ымырт үйіріліп, айналаны қою қараңғылық басқан кезде салтанатты шара басталды. Биылғы көрініс те өткен жылы Федоров ауданында өткен спартакиададан бір де кем өткен жоқ. Халқымыздың ежелгі тарихынан бастап бүгінгі кезеңге дейінгі шежіресі көркем музыкалық композициямен бейнеленді. Тың игерудің 60 жылдығы да ұмыт қалған жоқ. Соның бәрі жүздеген қыз-жігіттердің өнері және лазерлік шоу арқылы әсерлі жеткізілді. Айтпақшы, бұл жолғы спорт мерекесі тыңның алпыс жылдығына арналды.
Аудан және қала әкімдері арасында мылтық атудан мергендік танытқан Рудный қаласы әкімінің міндетін атқарушы Серік Есқожинов 30 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді.Екінші орынға 28 ұпай жинаған Қостанай ауданының әкімі Тәуба Исабаев жайғасса, үшінші орынға 27 ұпайды қоржынға салған Сарыкөл ауданың әкімі Эльдар Күзембаев шықты.
|
Түн ортасы ауғанда сахнаға Қазақстан және Ресей өнер жұлдыздары көтерілді. Жұртқа бәрі таңсық қой. Тек қана теледидардан тамашалап жүрген Сейфуллин Жолбарыс, Дильназ Ахмадиева, "Бәйтерек" тобы" көз алдарында ән айтып жатса қайтпек?! Отандық әншілер Сарыкөл аспанында ән қалықтатты. Олардың ізін ала бере Ресейлік "Мираж" тобы сахнаға көтерілді. Эстрада жұлдыздарының концерті аяқталғанда аспанды жалт-жұлт еткен сансыз жұлдыздар көм-керді, бәлкім миллиондаған, мүмкін одан да көп шығар.., тарс-тұрс, гүрс-гүрс!!! 15 минут бойғы көрініс осы. Жұрттың бәрі түн қойнауынан сытылып шығып, көкте жамыраған жұлдыздарға тамсана қарайды.
…Жиырма алты жылдан кейін Сарыкөл жерінде өткен спорт мерекесінің дүбірі алыстарға кетері сөзсіз. Келесі "Тың – 2015" облыстық спартакиадасы Қамысты ауданында өтеді.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Сарыкөл ауданы.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.